Петропавл әкімдігіндегі лауазымды тұлға бір өтпежол салу үшін 2 млрд теңгені жымқырған (ВИДЕО)

Шенеуніктер мердігермен сөз байласып, әрекет еткен

Петропавл әкімдігіндегі лауазымды тұлға бір өтпежол салу үшін 2 млрд теңгені жымқырған (ВИДЕО)
Фото: скриншот

Қаржы мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысындағы департаменті мәлім еткендей, осы облыстың шенеуніктері мен мердігер ұйым сөз байласа отырып, Петропавл қаласында автожол өтпежолын салуға бөлінген 5,4 млрд теңгенің 2 млрд теңгесін жымқырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дереккөзге сүйенсек, 2023 жылдың тамыз айында Петропавл қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мекемесі мен «БУКА» ЖШС арасында жалпы құны 5,4 млрд теңгеге автожол өтпежолын салу туралы келісімшарт жасалған.

«Шартты орындау барысында мердігер ұйым жұмысты қатты кешіктірген. Тергеу амалдарына сай, мердігер ұйымның директоры тапсырыс беруші тараптың лауазымды тұлғаларымен сөзбайласа отырып, нақты орындалған жұмыс көлемі туралы жалған акт толтырып, оған қол қойдырған.  Осы құжаттардың негізінде мердігер ұйымның шотына бюджет қаражаты негізсіз аударылған. Заңсыз әрекеттердің салдарынан мемлекетке 2 млрд теңгеден астам залал келген», - деп хабарлайды ҚМА.

Сот осы қылмыстық әрекетке қатысы бар деген тараптардың жалпы құны 270 млн теңгеден асатын 24 автокөлік пен арнайы техникасына арест қойған. Күдікті қамауда.