$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.07.2020, 13:23
Оқиғалар

Ақмолалық тәртіп сақшылары жоғалып кеткен 2 жастағы бүлдіршінді тауып берді

2 жасар Ясмина үшін 4 арнайы топ құрылған

Ақмолалық тәртіп сақшылары жоғалып кеткен 2 жастағы бүлдіршінді тауып берді

Ақмолалық тәртіп сақшылары жоғалып кеткен 2 жасар қызды 15 минут ішінде тауып, ата-анасына табыс етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға кеше Қорғалжын ауылында орын алған. Кешкі сағат бестер шамасында жергілікті полиция бөліміне 2 жасар Ясмина Серікбайдың қас пен көздің арасында жоғалып кеткені туралы хабарлама түскен.

«Кішкентай Ясминаның анасы Даржан Әлімованың айтуынша, қызы күндізгі сағат 14:30 шамасында әдеттегідей далаға ойнауға шыққан. Арада шамамен, бір сағат өткенде қызын бақылауға шыққан әйел аулада оның жоқ екенін байқаған. Сол мезетте басқа аулаларды да аралап, көршілерінен сұрағанымен, қыз табылмаған. Қызын өзі іздеп таба алмаған ана полицияға арыз беруге мәжбүр болған», - дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әсем Әбдірахманова.

Баланың жоғалғаны туралы хабар түскен бойда жедел іздестіру тобы оқиға орнына жеткен. Іздеу шараларын аумақтық полиция бөлімінің басшысы Еркін Мәмбетов басқарды.

«Біз баласын таппай қалған ананы сабырға шақырып, іздеу жұмыстарын ұйымдастырдық. 4 арнайы топ құрылып, елдімекеннің барлық аулалары мен көшелерін сүзіп өттік. Арада 15 минут өткенде Ясминаны келесі көшелердің бірінен полиция экипажы тауып алды. Кішкентай қыз ойнап жүріп ауладан ары асып кеткен. Өзінің адасып кеткенін түсінген бүлдіршін үйін іздеп одан ары қарай жүре беріпті. Анасы айтқан белгілер сәйкес келетін, көшеде жылап жүрген қызды көрген полиция қызметкерлері баланы үйіне жеткізіп, анасына табыстады», - деді полиция полковнигі Еркін Мәмбетов.

Тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындардан баланы қараусыз қалдырмауды сұрап отыр. Балалармен болатын қайғылы жағдайдың басым көпшілігі ата-ананың салғырттығынан дейді облыстың полицейлері.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы

Серіктес жаңалықтары