Нұр-Сұлтанда 16 миллион теңгенің дәрі-дәрмегі тәркіленді
Тәркіленген заттар арасында жеке қорғаныс құралдары да бар

Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері сегіз күннің ішінде жалпы сомасы 16 млн теңге болатын медициналық препараттар мен жеке қорғаныс құралдарын тәркіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
11 шілде күні полиция рейд жүргізіп, медициналық препараттарды заңсыз саудалағандарды ұстады. Атап айтқанда, Орынбор көшесінде «Volkswagen» автокөлігі тоқтатылып, оны тексеру барысында Қытайда өндірілген және Қазақстанда сатуға рұқсат берілмеген «Lianhua» капсуласының 165 қаптамасы тәркіленген. Ұсталған тұрғын препараттарды сайт арқылы алған және қала ішінде сатпақ болған.
«Тағы бір жағдайда қаланың 33 жастағы тұрғыны парацетамол, ингавирин, дексаметазон, цефтриаксон, лидокаин, эуфилин, суммамед және ципролет сияқты тапшы препараттарды сатпақ болды. Одан бөлек, полиция қызметкерлері тағы бір азаматтан 6500 маска тәркіледі», - деп жазылған хабарламада.
Полиция департаменті 8 күннің ішінде медициналық маскалар мен қорғаныс құралдарының заңсыз саудасының 36 жағдайын анықтады. Тәркіленген заттардың жалпы сомасы 16 млн 600 мың теңгені құрады.