Елордадағы дәріхана «Тамифлю» дәрісін 13 500 теңгеге сатқан
Қалада дәрі-дәрмек бағасын тексеруге бағытталған рейдтік шаралар жалғасуда
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері дәрі-дәрмек бағасын негізсіз қымбаттатқан екі дәріхананы анықтады, деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.
«Нұр-Сұлтан қаласында екі дәріханасының фармацевттері дәрі-дәрмектерді, соның ішінде «Ингавириннің» 1 қаптамасын 9000 теңгеге, «Тамифлюдің» 1 қаптамасын 13500 теңгеге көтеріңкі бағамен сатқан. Тексеріс барысында 7 қаптама «Ингавирин» және 1 қаптама «Тамифлю» тәркіленіп алынды», - делінген аталған хабарламада.
Сонымен қатар дәрі-дәрмекті лицензиясыз сату фактісі де анықталған. Жергілікті тұрғын дәрілік препараттарды сатуға рұқсаты болмаса да, антибиотиктерді алып-сатумен айналысқан. Мамандар оның көлігінен 770 400 теңге тұратын 150 дәріні тәркілеп алды.
Құқық бұзған азаматтардың барлығы заң аясында жауапқа тартылатын болады.