Алматыда Халыққа қызмет көрсету орталығына келген әйел босанып қалды
Алматы тұрғыны қыз баланы дүниеге әкелді
Оқиға Алматының Жетісу ауданындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында болған. Тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеуге тұруға келген келіншектің аяқ асты толғағы қысқан. Кейін орталық басшысы әйелді кабинетіне кіргізіп, дереу жедел-жәрдем шақырған. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» МК басқарушы директоры Мұрат Жұманбай хабарлады.
«Оған алған талоны бойынша сағат 12:00-де қызмет көрсетілуі керек болған. Бірақ 10 минут өткенде толғақ қысқан. Мұны көрген ХҚКО басшысының міндетін атқарушы Қалмырза Сейітбеков толғағы келген әйелді өз кабинетіне апарып, жатқызған. Содан соң жедел жәрдем қызметін шақырған. Алайда, перзентханаға жету кеш болғандықтан, жедел жәрдем дәрігерлері әйелді сол жерде босандырып алған», - деп жазды ол.
Мұрат Жұманбайдың айтуынша, алматылық тұрғын осымен үшінші баласын дүниеге әкелген.