Павлодарда Ертіс өзеніне ағып кеткен мас әйел құтқарылды
Ал, Ақсу қаласында 21 жастағы бойжеткен суға батып қайтыс болды

Павлодар облысының құтқарушылары Ертіс өзеніне ағып бара жатқан әйелді аман алып қалды. 1986 жылғы тұрғын мас күйде шомылуға рұқсат етілмеген жерде суға түскен, деп хабарлайды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Спирттік ішімдік ішкен әйел өзеннің ортасындағы аралға дейін жүзіп бармақ болыпты. Алайда, өзеннің ағысы оны ағызып әкеткен. Туыстары дереу «112» нөміріне хабарласып, құтқарушыларды шақырған. Абырой болғанда, мамандар дер кезінде жетіп, әйелді жағаға алып шықты.
Сондай-ақ, сол күні Ақсу қаласында қайғылы оқиға болды. Белая өзеніне шомылуға барған жастар алкогольді ішімдік ішіп, 21 жастағы бойжеткен суға батып кетті. Оны құтқарып қалу мүмкін болған жоқ. Қызды құтқарамын деп суға секірген досы да су түбіне кеткен. Бірақ оны сол маңдағы куәгерлер жағаға аман алып шықты. Бойжеткеннің денесі әлі табылған жоқ.
«Облыс орталығынан Ақсуға сағат 14:40-та жеткен сүңгуірлер тобы өзеннің түбін бірнеше сағат бойы тексергенімен, қаза тапқан қыздың денесін таба алмады. Қараңғы түскен соң құтқару жұмыстары тоқтатылып, іздеу жұмыстарын тәуліктің жарығымен қайта жалғастыру туралы шешім қабылданды. Іздеу жұмыстары бүгін таңертең қайта басталды», - делінген ТЖД таратқан хабарламада.