«Анашым, әкешім, сіздерге арнаймын»: қаза тапқан ата-анасын еске алған спортшы елдің жүрегін елжіретті
24 жастағы АҚШ азаматы Максим Наумов ата-анасынан бір күнде айырылды
Италиядағы қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаушы Максим Наумов дебютін ұшақ апатынан қайтыс болған ата-анасына арнады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
24 жастағы АҚШ азаматы Максим Наумов - жұптық мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионы болған Вадим Наумов пен Евгения Шишкованың ұлы. Жұбайлар 2025 жылғы 29 қаңтарда Вашингтондағы ірі әуе апатынан қаза тапты. American Airlines авиакомпаниясының Bombardier CRJ700 ұшағы мен әскери тікұшақ соқтығысып, Потомак өзеніне құлап түскен. Ұшақта 60 жолаушы, 4 экипаж мүшесі, ал тікұшақта 3 әскери қызметкер болған. Олардың бәрі қаза тапты. Жолаушылардың арасында АҚШ-та өткен конькимен мәнерлеп сырғанау жарысынан қайтып келе жатқан спортшылар мен жаттықтырушылар болған.
AP жазғандай, Наумовтың Миландағы қойылымы әсерлі шыққан. Ол мұз айдынына шыққан кезде «Мама, папа, мұны сіздерге арнаймын» деген жазу пайда болды. Соңында ол тізерлеп отырып, аспанға қарап: «біздің қолымыздан келді» деді. Көпшілік оған ұзақ уақыт бойы қол шапалақтап тұрған. Максим Наумов іріктеу кезеңінде 85,65 балл жинады. Оның әріптесі Андрей Торгашев 88,94 балл жинап, жарысты аяқтаса, алтын медальдің басты үміткері Илья Малинин 108,16 баллмен бірінші орынға шықты.
Наумов нәтижесі жарияланған кезде сахнаға ата-анасымен бірге түскен бала кезіндегі фотосын көтеріп көрсетті. Жас спортшы NBC News телеарнасына берген сұхбатында соңғы рет ата-анасымен әңгімесі Олимпиадаға шығу туралы болғаны айтады.
«Мұздағы әр қадамымда мен олардың қолдауын сездім», - деді ол.
Жас спортшы үшін Олимпиадада алғашқы ондыққа кіру мүмкіндігі аз болғанына қарамастан, ол мансабындағы ең мықты қысқа бағдарламалардың бірін орындады. Ол ерлер арасындағы еркін бағдарламаға шығуға мүмкіндік алды.