Соңғы үш жылда Қазақстанның тау-кен өндірісінде 14 рет апат болған
Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерболат Садырбаевтың айтуынша, қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған құқықтық база жаңартылған
Қазақстанның қауіпті өндірістік объектілерінде соңғы үш жылда 67 рет апат болған, оның ең көбі тау-кен саласында тіркелген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерболат Садырбаевтың айтуынша, тау-кен саласында -14, газ шаруашылығында - 10, көтергіш құрылғыларға қатысты – 11 рет апат болған.
«Төтенше жағдайлар министрлігі апаттардың алдын алу және қауіпсіздік мәдениетін күшейтуге бағытталған құқықтық базаны жүйелі түрде жаңартуды жүргізіп келеді. Өнеркәсіп қауіпсіздігі саласы жалпы мемлекеттік бақылау мен қадағалау аясында шамамен 10 өнеркәсіптік субъектіні және 200 мыңнан астам қауіпті өндірістік объектіні қамтиды», - деді вице-министр.
Объектілердің негізгі бағыттары:
- Көмір саласы - 11 939;
- Тау-кен саласы - 18 407;
- Металлургия - 9 077;
- Мұнай-химия және мұнай өңдеу - 20 468;
- Мұнай-газ өндіру - 71 158;
- Қазандық шаруашылығы - 17 484;
- Көтергіш құрылғылар - 26 000;
- Атом энергиясын пайдалану - 10 828.
Министр Қазақстан Республикасында өнеркәсіптік қауіпсіздік саласын реттейтін салалық заңнама тікелей қабылданып, қолдануға енгізілгенін атап өтті.