Ақтөбе облысында жол апатынан екі адам көз жұмды
Жол апаты 8 шілде күні болған

Ақтөбе облысында жол апатынан екі адам көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
«8 шілде күні таңғы сағат 7-де Қарабұтақ-Қостанай тасжолында жол апаты болды. «Фольксваген-Пассат» көлігінің 42 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жолдан шығып кеткен», - деп жазылған хабарламада.
Жол апатынан көлік жүргізушісінің қабырғасы сынған. Ал жолаушы, көлік иесінің 47 жастағы әпкесі ауруханаға барар жолда көз жұмды. Сараптама жүргізушінің мас болмағанын көрсетті.
«Сол күні Ойыл-Қобда тасжолында тағы бір жол апаты болды. «Лада-Ларгус» автокөлігінің 27 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік аударылып қалған. Жүргізуші мен үш жолаушы Қобда ауданының орталық аудандық ауруханасына жеткізілді. Көп ұзамай жарақат алған Ойыл ауданының тумасы емдеу мекемесінде көз жұмды. Тергеу жүргізіліп жатыр», - деп жазылған хабарламада.