Алматыдағы сауықтыру орталығының басшысы ерекше балаға айқай салып, бассейннен қуып шыққан (ВИДЕО)
Ол баланы орталықтың «беделіне нұқсан» келтірді кінәлаған
Алматыдағы сауықтыру орталығының басшысы аутизм спектрі бұзылған баланы бассейннен қуып шыққан. Жасөспірімнің әкесі Берікбол Әсербаевтың айтуынша, 10 жастағы Нұрәлиді ерекшелігіне байланысты шеттетіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Берікбол Әсербаев мәлім еткендей, орталық басшысы баланы басқа келушілерге кедергі жасады деп айыптап, жаттығу ортасында судан шығарып алуға бұйрық беріп, айғай салған. Ал ата-анасына «сабаққа төлеген ақшасын қайтарып алсын» деп талап қойған.
«17 желтоқсанда ерекше білім беруді қажет ететін екінші топтағы мүгедек балама «Юнифлекс» сауықтыру орталығында дискриминация жасалды. Балам кіші бассейнге барып жүрген болатын. Жаттықрыушының ұсынысы бойынша үлкен бассейнге ауыстыруды шештік. Үлкен бассейнге ауыса салған сәтте, жаттығу ортасында орталық басшысы келіп жанжал шығарды. Ол жаттықтырушыға көпшіліктің көзінше дауыс көтеріп, ұрысты. Оған баланы бассейннен тезірек алып шығуды және орталыққа төленген ақшаны қайтаруды талап етті. Осылайша бізді қуып шықты деуге болады», - деді ол.
Басшылық дөрекі әрекетін баланың ерекшелігі орталықтың «беделіне нұқсан келтіреді» деген уәжбен ақтаған.
«Баланың эмоциямен шығарған дауысы орталықтың беделіне нұқсан келтіреді екен. Оның сөзінше, әлеуметтік желідегі парақшасында менің баламның ерекшелігіне шағымданып жатқандар бар. Бірақ біз дереу Instagram мен басқа желілерді тексердік. Балам туралы ешқандай жағымсыз пікір таппадық. Осыны айтқан кезде ол сөзінен тайқып, жауаптан қашты», - дейді ол.
Оның айтуынша, бассейн әкімшілігі ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу мүмкіндігі жоғы туралы, басқа да шектеулер туралы ештеңе айтпаған. Берікбол Әсербаев қоғамда инклюзивті көзқарас қалыптаспай отыр, ерекшелігі бар балалар құқығы тапталып, теперіш көріп келеді.
«Елімізде ерекше балалардың ата-аналары кемсіту, қорлауға тап болып жатады. Олар балаларының құқығын қорғай алмайды, қай органға шағымдануды, кімнен көмек сұрауды білмей жатады. Біздің балаларымызға дискриминация жасалмауы керек, сауда орталықтарында, сауықтыру орталықтарында, кинотеатрларда және тағы басқа да қоғамдық орындарда құқығы қорғалып, шеттетілмеуі, кемсітілмеуі керек. Елімізде арнайы сауықтыру орталықтарының аздығы, белгілі алгоритмнің жоқтығы жанымызға батады. Ерекше балалары бар ата-аналар мен балалардың құқығын қорғауға байланысты заң қажеттілігі туып отыр», - деді ол.
Айта кетсек, 10 жастағы Нұрәлидің әкесі Берікбол Әсербаев аутизм спектрі бұзылған балалармен жұмыс істеп, олардың қоғамда тұлға болып қалыптасуына атсалысып отырған нейропсихолог маман.