«Барар жері жоқ болса, хабарлассын»: Саясат Нұрбек үлкен қалаға түн ішінде келетін студенттерге маңызды ақпарат айтты
Дағдарыс орталығында 55 орын дайындалған

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жатақханаға орналасуға келген, қалада туыстары жоқ студенттер Дағдарыс орталығында түнеп шыға алатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Біздің Дағдарыс орталығында қиын жағдайда қалған студенттер үшін арнайы 55 орын бөлінген. Мысалы, түнгі үште қалаға келген студентті, егер ешкімге хабарласа алмай, жатақхана жабық тұрып, баратын жері болмаса, біз бірден дағдарыс орталығына жібереміз. Әлгі бала сол жерде түнеп, таңертең асықпай жатақханасын іздейді», - деп түсіндірді Саясат Нұрбек Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша, қазір Алматыны қоспағанда барлық өңірде жатақхана мәселесі шешілген. Ал Алматы шаһарында әлі 10 мыңға жуық төсек-орын тапшы. Сондықтан жатақханаға жайғастыру кезінде басымдық бірінші курс студенттеріне беріледі.
«Бізде Ахуал орталығы іске қосылған, өткен аптада ресми түрде аштым», - деген ол Ахуал орталығының Алматы қаласы бойынша байланыс нөмірлерін көрсетті.
«Егер университет жатақхана туралы ақпарат ұсынбаса немесе жатақханадан орын жетпесе, студенттер осы Ахуал орталығына жүгіне алады. Мұндай жағдайда біз басқа жоғары оқу орындарынан бос орын іздейміз. Яғни бір университетте артық орындар қалса, біз оған басқа университеттің студенттерін жайғастырамыз», - деді Саясат Нұрбек.
Министрлік жатақханадан орын жетпеген студенттерді хостелге де орналастырады.
«Бұл үшін арнайы комиссия құрылған. Комиссия барлық хостелді жылына үш рет тексеріп отырады. Біз студенттерді далада қалдырмаймыз», - деп сендірді ведомство басшысы.