«Ең алдымен, солтүстік өңірлерге көңіл бөлеміз»: Үкімет жылу беру маусымына дайын ба
Барлық өңір 15 қазанға дейін жылу маусымына дайын болады дейді вице-министр

Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында журналистер энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтан алдағы жылу маусымына балабақшалар мен мектептер қаншалықты дайын екенін сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, қысқа дайындық тұрақты жүріп жатыр. Жүйелік оператор бекіткен кестеге сәйкес, биыл 10 энергоблок, 63 қазандық пен 39 турбинада күрделі жөндеу басталған. Қалғандары міндетті түрде ағымдағы жөндеуден өтеді.
«Бүгінгі күні 5 энергоблок, 30 қазандық пен 18 турбинада жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қалған жартысында жұмыстар аяқталды. Сондықтан жалпы станция жағынан жөндеу жұмыстары толық көлемде орындалуда. Ал жылу желілері әр өңір бекіткен кестеге сай жөнделіп жатыр. Біріншіден, тарифтерден бөлініп жатқан қаражат, екіншіден республикалық бюджеттен 2025 жылы 40 млрд теңге бөлінген. Қосымша күрделі жөндеуге үкімет резервінен де тиісті қаржы бөлініп жатыр. Жалпы мектептер мен балабақшалардың дайындығын Өнеркәсіп министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, бақылауда ұстап отырмы. Барлық нысан жылумен толық қамтамасыз етіледі», - деп жауап берді Есімханов.
Вице-министр өңірлерде әзірге жылу көздерінің жөндеу жұмыстарына қатысты проблема жоқ екенін айтты.
«Біз, ең алдымен, солтүстік өңірлерге көңіл бөлеміз, өйткені жылу маусымы ертерек басталады. Оңтүстік өңірлерде жылу маусымы қараша айында басталады, сол себепті ол жақта жөндеу жұмыстары қазан айында аяқталады. Мысалы, Шымкентте жөндеу жұмыстарының кестесі қазан айында аяқталады, сондықтан оны кестеден қалып бара жатыр деп айтуға болмайды. Өйткені қалада ол уақытта жылу маусымы басталмайды. Сондықтан 15 қазанға дейін барлық өңірде толығымен дайын болады деген жоспар бар», - деді шенеунік.