«Көлдің түбі – лай, ештеңе көрінбейді»: вице-министр Сорбұлаққа құлаған әскери тікұшақ туралы не айтты
Бортта болған үш әскери қызметші екі аптадан бері табылмай жатыр

Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев 25 шілде күні Сорбұлақ көлі маңайында жоғалып кеткен әскери тікұшақты іздестіру жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, Қорғаныс министрлігінен Алматы облысындағы Отар ауданында тікұшақ жоғалды деген хабар түскен бойда ТЖ министрлігінің қызметкерлері жедел іздестіру жұмыстарын бастаған.
«Бізге берген маршрут бойынша тікұшақтармен тексеріп шықты. Командалық орталықта Сорбұлақ көлін қарап шықтық, ғарыштан түсірілген суреттен жанармайдың ізі көрінді. Сосын кешке таман адамдарды сол жаққа жібердік, Сорбұлақ көлінің жиегінен тікұшақтың бірнеше бөлшегін таптық. Содан бастап таңға дейін штаб құрылып, сол жерде іздеу жұмыстарын бастадық. Қазіргі кезде өкінішке қарай он күннен астам уақыт өтті. Сорбұлақ өзенінің 50 процентін тексердік. Іздестіру жұмыстары Қорғаныс министрлігінің басқаруымен өтіп жатыр. Біз өз күш-құралдарымызды бердік. Қазір таңнан бастап күн батқанға дейін іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр», - деді Тұрсынбаев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Вице-министр осы күнге дейін тікұшақ бөлшектерінің қанша пайызы табылғанын айта алмады. Себебі тікұшақ сынықтары Көлік прокуратурасына берілген, олар осы факті бойынша іс қозғапты.
«Қазір біз Сорбұлақты теңіз металл іздегішімен тексеріп жатырмыз. Елу пайыздай аумақты қарадық. Судың тереңдігі 5 метрден 25 метрге дейін. Астында батпақ та бар, тіпті бір метр жерден су көрінбейді, өйткені лай. Метр метрмен асықпай тексеріп жатырмыз», - деп сендірді ол.
Естеріңізге салайық, 25 шілде күні Сорбұлақ су қоймасы аумағында әскери тікұшақ жоғалып кетті. Бортта экипаждың үш мүшесі болған.