Трамптың жаңа баж салығы Қазақстан экспортының 4,5%-на ғана қолданылады – министр
Қалған 95 пайызы шектеусіз экспортталады

Қазақстанның АҚШ-қа экспорттайтын тауарларының 4,5 пайызына ғана жаңа баж салығы салынады. Бұл туралы сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің айтуынша, Қазақстанның АҚШ-қа экспортының 95%-ына Трамп енгізген қосымша баж салығы салынбайды. Шектеуге ферросилициум мен фосфор өнімдері секілді тауарлар, яғни экспорттың 4,5 пайызы ғана ілінеді.
«Бірақ бұл бар болғаны 4,5%, яғни шамамен 100 миллион АҚШ долларын құрайтын экспорт көлемі. Бұған дейін де атап өткеніміздей, біз өз тарапымыздан ұсыныстарымызды жібердік, бұл – келіссөз процесі. Негізі, кедендік баж туралы айтқанда, ДСҰ ережелері бар, онда барлығы нақты көрсетілген. Ал қазіргі жағдай стандартты емес, яғни бұл ДСҰ ережелерінің және халықаралық міндеттемелердің бұзылуы. Сондықтан біз де стандарттан тыс әрекет етіп, кері шегінуге емес, тауар айналымын тереңдету мен кеңейтуге бағытталған нақты шараларды ұсындық», — деді Шаққалиев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Естеріңізге салайық, АҚШ президенті Дональд Трамп бірнеше елдің тауарына 25 пайыз баж салығын енгізген еді. Олардың арасында Қазақстан да бар.