Енді Қазақстанда АӘК төленетін отбасылар азық-түлікті ваучер арқылы арзанға ала алады
Оларға азық-түлік ваучерлері беріледі

Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға азық-түлік ваучерлерін беру жобасы басталады. Осылайша тұрмысы төмен азаматтар азық-түлікті 15 пайыз сауда үстемесіз сатып алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Пилот аясында атаулы әлеуметтік көмек алушыларға азық-түлік ваучерлері беріледі. Ваучер әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті сауда үстемесіз сатып алуға мүмкіндік береді. Пилотты Ақкөл, Көкшетау және Павлодар қалаларында жүргізу жоспарланып отыр. Оған 5 мыңға жуық атаулы әлеуметтік көмек алушы кіреді», - деді сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үкімет отырысында.
Бұл жоба Парламент депутаттарынан қолдау тауып, қоғамдық талқылаудан сәтті өткен.
Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылатын 15% сауда үстемесін бақылауды күшейтеді.
Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын талдау модулі іске асады.