Елімізде фермерлердің тауарларына арналған агромаркетплейс пайда болады
Мемлекет тауар қозғалысын бақылап отыру үшін жаңа ақпараттық жүйелер енгізіп жатыр

Сауда және интеграция министрлігі шаруалар, сауда желілері мен меморгандар арасында тікелей байланыс орнатуға көмектесетін инновациялық агромаркетплейс әзірлеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, қазір тауарларды қадағалап отыру үшін бірқатар жоба іске асып жатыр. Солардың біріншісі – Қазақтелекоммен бірлесіп Тауарларды қадағалаудың ақпараттық жүйесін енгізу жөніндегі пилоттық жоба.
«Жоба тауар жеткізу тізбегі бойынша өнім көлемі мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры туралы мәліметтерді бірыңғай платформада онлайн қарастыруға мүмкіндік береді», - деді ол Үкімет отырысында.
Екінші жоба – агромаркетплейс.
«Құрметті Олжас Абайұлы, сіздің тапсырмаңыз бойынша біз осы жүйе негізінде инновациялық агромаркетплейс әзірлеп жатырмыз. Бұл жүйе өндірушілер, сауда желілері және мемлекеттік органдар арасында тікелей цифрлық байланыс орнатып делдалдарды және ашық емес өткізу схемаларын жояды», - деді Шаққалиев.
Үшінші жоба – жаңа форматтағы отандық B2B маркетплейсі. Ол көтерме импортты реттеуге, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған.