Инспекторларға өздерін қорғау үшін оқ атуға рұқсат беріледі - Комитет басшысы

Қаруды қандай жағдайда қолдануға болатынын Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитетінің төрағасы айтып берді

Парламент Мәжілісіне браконьерлiкке қылмыстық жауапкершілікті күшейту мақсатында Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізу бойынша заң жобасы ұсынылды. Онда мемлекеттік инспекторлардың өздерін қорғау мақсатында қару қолдану мәселелері де қарастырылған.  Бүгін осыған байланысты арнайы брифингте Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитетінің төрағасы Асхат Қайнарбеков осы және басқа да мәселелерге тоқталды.

«Инспекторлардың материалдық-техникалық жабдықталуы бойынша қосымша нормативтік құқықтық актілер енгіземіз. Соның аясында инспекторлар ендігіде дрондар, видеофиксаторлар, ал көлікте дауыс зорайтқыштар қолдана алады. Инспекторлар браконьерді ұстап, полиция бөлімшесіне әкелуге рұқсат алады. Ал өзін қорғау үшін қару-жарақ қолдануға рұқсат беріледі», - деді Асхат Қайнарбеков.

Негізінде, қолданыстағы заң бойынша инспекторлар тек өзіне қарсы бірінші оқ атылу қаупі туғанда ғана қарсы қару қолдана алады. Ал жаңа заң жобасында осы қалыптасқан жағдай өзгермек. Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы басқармасының басшысы Айтуар Туғанбеков «Жаңа заң жобасында инспектордың өзіне бағынбаған броканьерлерге қатаң шара қолдануы қарастырылған» деді. Бірақ инспекторлар нақты қай кезде оқ атуға құқылы екенін нақты түсіндірген жоқ.

«Табиғатты қорғау қызметтерін материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсарту мақсатында браконьерлікке қарсы күреске арналған қазіргі заманғы технологиялар мен құралдарды – дрондар, кеуде камералары, арнайы техника, электрошокерлер, травматикалық қару, жеке қорғану құралдары және т.б. заттарды енгізуді көздейтін жарақтандырудың жаңа нормативтері әзірленді» делінген Экология министрлігінің баспасөз релизінде.  

Түсінгеніміз – жаңа заң жобасында  мемлекеттік инспектордың денсаулығына зиян келтіру, өлтіру фактілеріне қатысты бас бостандығынан айыру жазасын күшейтетін жаңа бап енгізіліп жатыр. Сондай-ақ бұған дейін кез келген браконьерлік қылмыс үшін 150 АЕК айыппұл мен азаматты 1,2 жыл бас бостандығынан айыру көзделсе, енді жаза мерзімі екіден бес жылға дейін ұзармақ.  

Аталған заң жобасына Мәжіліс пен Сенат қарағаннан кейін, келер жылдың ақпан-наурыз айында қол қойылады деп жоспарланып отыр.

Айтпақшы, инспекторлардың құзыретін арттыру үшін жол-көлік ережелеріне де өзгеріс енгізіп жатыр екен.

«Инспекторлардың көліктерін енді арнайы көлік құралы санатына өткіземіз. Яғни, оларға арнайы сигналдар, дауыстап сөйлеу құралдары орнатылып, жасыл түсті жолақтар салынады. Әйтпесе сот кезінде браконьерлер соңымыздан инспектор түскенін білген жоқпыз деп ақталғысы келеді», - деді  Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы басқармасының басшысы Айтуар Туғанбеков.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Сұхбат
Қазақстан ЖОО-ларында 17 мыңға жуық Өзбекстан азаматы білім алып жүр
Бірінші дәрежедегі маманның айтуынша, Қазақстандағы әрбір бесінші-алтыншы әйел қалқанша без ауруына шалдыққан
Саясаттанушы АҚШ мемхатшысы Майк Помпеоның Орталық Азия елдеріне жасаған сапары нені көздейтіне кеңінен тоқталды
Қазір ол дәстүрлі исламға бет бұрғанын айтады