$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.10.2019, 17:41
Үкімет

Қайтыс болған қызылордалық инспектордың артында үш баласы қалды

Жыл басынан бері браконьерлермен күресте осымен үшінші инспектордың өлім фактісі тіркеліп отыр

Қайтыс болған қызылордалық инспектордың артында үш баласы қалды

Қызылорда облысы Жалағаш ауданында браконьерлердің ізіне түскен инспектор жол апатына ұшырап, қаза тапты. 25 қазанда түнде болған оқиғаның анық-қанығын бүгінгі брифингте Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы басқармасының басшысы Айтуар Туғанбеков айтып берді.

«Біздің инспекторлар түнде прожектор жағып кетіп бара жатқан автокөлікті көріп қалып, іздеріне түскенде, олар қаша жөнелген. Сол кезде браконьерлердің соңынан түскен инспекторлар отырған көлік аударылып кетіп, біреуі алған жарақатынан қайтыс болды», - деді ол.

Браконьерлер сол жерде ұсталыпты. Тергеу нәтижесінде олардың жергілікті тұрғындар екені анықталған. Өздерімен бірге қару-жарақтары мен атып алған аңдары болған. Айтуар Туғанбековтың айтуынша, инспектордың отбасына 7,8 млн теңге материалдық көмек көрсетілген. Одан бөлек еңбек комиссиясы тексеруінен кейін сақтандыру бойынша 4 млн 300 мың теңге тағы төленеді.

Қайтыс болған инспектордың аты-жөні – Әділ Кенжеғұлов. 1985 жылғы Қызылорда облысы тумасының артында әйелі, үш баласы қалды. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметтің мәліметінше, инспектор «Охотзоопром» мекемесінің Қызылорда өңірлік филиалына осы жылдың маусым айында жұмысқа тұрған. Оған дейін ішкі істер органдарында қызмет атқарған.

Жыл басынан бері браконьерлермен күресте осымен үшінші инспектордың өлім фактісі тіркеліп отыр. 13 қаңтарда Қарағандының Нұра ауданында «Охотзоопром» қызметкері Ерлан Нұрғалиев браконьерлер қолынан қаза тапқан. Одан кейін шілдеде Ақмола облысы Жарқайың ауданында екі инспекторға қарсы оқ атылып, біреуі алған жарақатынан қайтыс болды.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары