«Қағаз үйшік сияқты жинай салмақ» – Нығматулин Көкжайлаудағы керек болмай қалған станция туралы
Бурабай мен Көкжайлау аумақтарындағы жерлер мемлекеттің ерекше қорғауына қайтарылады

Бүгін Мәжілісте Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар бойынша Заң жобасы қаралды. Депутат Берік Оспанов баяндамасында Бурабай мен Іле Алатау табиғи парктерінің бизнеске беріліп, бірақ қолданылмай жатқан жерлері ерекше қорғалатын аумақтар құрамына қайтарылуы тиіс екенін айтты.
«Іс жүзінде мынадай жағдайлар бар. Бұл – Бурабай ұлттық табиғи паркі және Іле Алатау ұлттық табиғи паркінің жерлері. Ауыстырған жерлердің игерілмеуіне және ерекше қорғалатын табиғи аймақтардың құрамына кірмеуіне байланысты, олар тиісті түрде қорғалмайды. Соның салдарынан, өзінің бірегейлігін және құндылығын жоғалтып жатыр. Сонымен қатар осы аумақтағы жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне залал келтірілуі мүмкін», - деді ол.
Бұдан басқа, депутаттар экологиялық туризмді дамыту аясында табиғатты қорғау мекемелерінде көрсетілетін қызметтер тізбесін кеңейтуді ұсынды.
«Өйткені, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай қызмет түрлері заң деңгейінде қарастырылады. Жалпы, заң жобасын қабылдау қайтарылатын жер учаскелеріндегі табиғи кешендер мен табиғат қорының объектілерін сақтау туризмді одан әрі дамыту түріндегі оң әлеуметтік-экономикалық нәтижеге жеткізетінін атап өткім келеді», - деп жалғады сөзін Б.Оспанов.
Мәжіліс депутаты Иван Клименко Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі өкілінен Көкжайлау тау-шаңғысы базасы аймағына салынған станция туралы сұрады.
«Бурабайдың 370 гектар жері 2012 жылы арнайы экономикалық аймағына бөлінді. 2014 жылы Көкжайлау тау-шаңғысы курортын салу үшін Іле Алатау паркінің 1002 гектар жері берілді. Қазір ол жерде подстанция ғимараты салынған. Осы жердің бәрі ерекше қорғалған аумаққа қайтарыла ма? Учаске мемлекетке қайтарылған соң, жоғарыда аталған станцияның ары қарайғы тағдыры не болады?», - деп сауал тастады ол.
Вице-министр Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, Бурабайда туристік аумаққа бөлінген 370 гектар жердің 260 гектары игерілген. Қалған 110 гектары ерекше қорғалған аймаққа қайтарылмақ. Ал Көкжайлаудағы станция әкімдік қарауына өтеді.
«Комиссия құрылады. Менің ойымша, оны қайта жөндеп, қаланың қарауына береді. Себебі, ол Көкжайлау кешенінің нысаны үшін салынған. Енді керек емес», - деп жауап берді министрдің орынбасары.
Мәжіліс төрағасына вице-министрдің жауабы ұнай қойған жоқ.
«Азғантай уақытқа ғана беріп едік. Енді оны сауатты пайдаланған жоқ. Станцияны салдық, енді жинап, шаша салатын қорап үй секілді айтып отырмыз. Бюджеттен оған қыруар қаржы кетеді. Жарайды, мейлі», - деп қысқа қайырды Нұрлан Нығматулин.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан