Қазақстандағы коронавирус тестінің нәтижесі өзге елде жарамсыз
Анықтаманың жарамдылығы ЕАЭО-ға мүше елдердің арасында талқыланып жатыр

ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова Қазақстандағы COVID-19 инфекциясының бар-жоғы көрсетілген тест нәтижесі туралы анықтама өзге мемлекеттерде жарамсыз екендігі туралы айтты.
«Өкінішке қарай, Еуразия экономикалық одағына мүше елдер арасында бір мемлекет берген анықтаманың келесі мемлекетте мойындалуы туралы келісім жоқ. Бірақ ЕАЭО елдерінің бас мемлекеттік санитар дәрігерлері кеңесінің аясында бұл мәселе көтеріліп, талқыланып жатыр», - деді Айжан Есмағамбетова брифингте.
Еске салайық, бүгін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі Қазақстанның мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібіне өзгерістер енгізілгенін хабарлады. Онда Қазақстан аумағына кіру үшін шетелдіктерге ПТР-тестен өткені туралы анықтама қажет болмайтыны айтылған.