$ 503.42  542.08  6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Көктем ерте келеді»: экология министрі су басуы мүмкін облыстарды атады

Қазір ел аумағының жетпіс пайызын қар басып жатыр

«Көктем ерте келеді»: экология министрі су басуы мүмкін облыстарды атады
Фото: Ақорда

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қай облыстарда су тасқыны болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрдің айтуынша, 11 наурыздағы жағдай бойынша ел аумағының 71 проценті қар жамылған, бұл өткен аптамен салыстырғанда 15 %-ке аз. Қызылорда, Түркістан және Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында қар еріп жатыр.

«Наурыз айында температура көтеріліп, жаңбыр жауған жағдайда тау өзендерінде еріген қар суының әсерінен жоғары тасқын жүруі мүмкін. Орталық, солтүстік және шығыс аймақтарда қар жиналу үрдісі жалғасуда, наурыз айында жауын-шашын мөлшері айлық нормадан екі және одан да көп түседі болжанып отыр. Мысалы, Астанада айлық жауын-шашын мөлшері бірінші онкүндікте ғана түсіп үлгерді. Наурыз және сәуір айлары әдеттегіден жылырақ болады, сондай-ақ еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мол болады, бұл көктемнің тез келуіне және су тасқыны қаупінің артуына ықпал етеді», - деді Нысанбаев Үкімет отырысында.

Су тасқыны қаупі жоғары аймақтар: Ақтөбе, Қостанай, Ұлытау, Абай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары.

Қаупі орташа аймақтар: Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары.

Қаупі төмен аймақтар: Павлодар, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда облыстары.

«Биыл Қазгидромет алғаш рет әр облыс бойынша егжей-тегжейлі анықтамалар дайындады. Бұл анықтамаларда гидрологиялық бекеттер бойынша су деңгейінің және ағысының күтілетін ең жоғары мәндері, ағын көлемі және сондай-ақ қауіп аймағында орналасқан елді мекендерді белгілей отырып, болжамды басталу күндері көрсетіледі. Сондай-ақ, өткен аптадан бастап Қазгидромет апта сайынғы гидрологиялық болжамдарды шығара бастады. Гидрометеорологиялық ахуал күрт өзгерген жағдайда «Қазгидромет» дабылды ескертулерді 2-3 тәулік бұрын хабарлайды», - деп сендірді министр.

Серіктес жаңалықтары