Тұрғын үй бағдарламасы операторларының саны қысқарады

Мақсат – операторлардың шығынын азайту арқылы қаражат үнемдеу

Тұрғын үй бағдарламасы операторларының саны қысқарады
фото: kapital.kz

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй бағдарламалары операторларының санын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы қаралды. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

«Заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген болатын. Оның міндеттері - құрылыс саласы субъектілерін ынталандыруды қамтамасыз ету, ипотекалық кредиттеуді одан әрі дамыту, тұрғын үй құрылысы операторының қызметін оңтайландыру, жұмыс істеп тұрған операторлардың әкімшілік шығыстарын азайтудың есебінен бюджет қаражатын үнемдеу», - делінген ақпаратта.

Құжат бойынша бірыңғай оператордың ипотекалық қарыз беру, көппәтерлі тұрғын үйлердегі үлесті сатып алуға арналған қарыздарды кепілдендіру, инвестициялық жобаларды қаржыландыру және іске асыру жөніндегі қызметі реттеледі.

Құжат Палата қарауына жіберілді

Еске салайық, 8 сәуірде Мәжілісте Тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыратын бірыңғай оператор құрылатыны айтылды. Құжатта қазір жұмыс істеп тұрған «Қазақстан ипотекалық компаниясы», «Бәйтерек девелопмент» және «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» сияқты операторларды тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторына біріктіру, сондай-ақ олардың қайталанатын функцияларын алып тастау және жалпы әкімшілік шығыстарды қысқарту көзделген.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.