$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.04.2020, 11:43
Үкімет

Тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыратын бірыңғай оператор құрылады

Мәжіліс тұрғын үй бойынша операторлар санын қысқарту туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыратын бірыңғай оператор құрылады
фото: kapital.kz

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй бағдарламалары операторларының санын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжат талқыланды.

«Аталған заң жобасы тұрғын үй бағдарламасының үш операторын біріктіруді көздейді. Елімізде жұмыс істеп тұрған «Қазақстан ипотекалық компаниясы», «Бәйтерек девелопмент» және «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» сияқты операторларды тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторына біріктіру, сондай-ақ олардың қайталанатын функцияларын алып тастау және жалпы әкімшілік шығыстарды қысқарту көзделеді», - деді Парламент мәжілісінің депутаты Сапар Ахметов.

Операторларды біріктіру нәтижесінде әкімшілік шығындар 42 пайызға дейін қысқарып, оңтайландыруға мүмкіндік болады екен. Мәжіліс депутаттары қаржыны үнемдеу коронавирус пандемиясына және жалпы әлемдік экономикалық дағдарысқа байланысты қазіргі күрделі жағдайда маңызды екенін атап өтті.

«Құрылатын бірыңғай оператордың мақсаты халықтың әлеуметтік осал топтары: мұғалімдер, дәрігерлер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, орташа табыс деңгейі және орташадан төмен мемлекеттік қызметкерлерді баспанамен қамту. Тұтастай алғанда, бірыңғай оператор құру біздің азаматтарымыз үшін тұрғын үйге қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді тұрғын үй саясатын қалыптастыруға ықпал ететін болады», - деді Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин.

Бұдан былай бірыңғай оператордың қызметіне қоғамдық бақылау да күшейтіледі.

«Сондай-ақ заң жобасында ипотекалық тұрғын үй заемдарына кепілдік беру бойынша тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының қызметін регламенттеу; көппәтерлі тұрғын үй құрылысын аяқтауға кепілдік беру; инвестициялық жобаларды қаржыландыру және іске асыру жөніндегі нормалар көзделеді. Сондықтан жаңадан құрылатын оператордың жұмысы әрдайым бақылауда болуы тиіс», - деді Нұрлан Нығматулин.

Жалпы заң жобасы аясында Қазақстан Республикасының 3 кодексі мен 4 заңына өзгерістер енгізу көзделген.

Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары