$ 523.58  549.71  5.01
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Елімізде апатты мектептердің 76 пайызы ауылда орналасқан болып шықты

Олардың басым бөлігі батыс және оңтүстік облыстарда орналасқан

Елімізде апатты мектептердің 76 пайызы ауылда орналасқан болып шықты
Фото: istockphoto.com

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында ауыл мектебін алаңдатып отырған проблемаларға тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, қазір үш ауысымда оқытатын мектептердің 57%-ы ауылдық жерде орналасқан. Көпшілігі - Алматы мен Түркістан облыстарында.

«Апатты мектептердің 76%-ы да ауылдық елді мекендерде орналасқан. Олар негізінен Ақтөбе, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында орналасқан. Шағын комплектілі мектептерде мұғалімдердің жетіспеуіне байланысты бір педагог бірнеше пәнді оқытады. Біліктілігі жоғары мамандар аз, әсіресе математика, физика, шет тілдері пәндерінен. Салдарынан бұл ең басты мәселе – ауыл мен қала мектептерінің арасындағы оқыту сапасының алшақтығына алып келді», - дейді Бектенов.

Осы проблемаларды шешу үшін үкімет басшысы Оқу-ағарту министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, 2025 жылдың соңына дейін Ақтөбе облысының тәжірибесі негізінде кемінде 200 тірек мектеп желісін құруды тапсырды.

Премьердің айтуынша, Ақтөбе облысында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры тірек және шағын комплектілі мектептерді жарақтандыруға 1 млрд 800 млн теңге бөлген. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру және заманауи ресурстармен жарақтандыру есебінен тірек мектептердің тәжірибелі мұғалімдері шағын комплектілі мектептердің оқушыларына сабақ береді. Яғни, тірек мектептер шағын мектептердегі білім деңгейін көтеруге атсалысып жатыр.

«Биыл қыркүйек айында Ақтөбе облысына барған жұмыс сапарымда осы жобаның алғашқы оң нәтижелерімен таныстым. Балалардың білім сапасы жақсара түскен. Ең басты нәтиже осы болуы тиіс. Сондықтан мен жобаны басқа өңірлерге де кеңінен таратуды тапсырдым», - деді премьер-министр.

Оның пікірінше, шағын кешенді мектептердің әлеуетін арттыру үшін нақты жол картасы болуы керек.

Сонымен қатар, Бектенов Цифрлық даму министрлігіне 2025 жылғы 1 қыркүйекке қарай ауыл мектептерін жылдамдығы жоғары интернетке қосу жұмысын аяқтауды, қажет болса шалғай өңірлердегі желілерді тезірек жаңғырту үшін жеке байланыс операторларын тартуды тапсырды.

Серіктес жаңалықтары