«Әкімдіктер сұрап отыр»: министр ауыл мектептерінің даладағы дәретхана мәселесі туралы айтты
Министр қай өңірлер екенін нақтыламады
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев кейбір ауылдарда мектеп ішінде әжетхана болса да, даладағы дәретханалар неліктен әлі сүрілмегенін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осыған дейін министр республика бойынша 10 ғана мектептің дәретханасы сыртта орналасқанын мәлімдеген. Айтуынша, қазір бұл мәселе толығымен шешілген.
«Дей тұрғанмен, менің қолымдағы ақпарат бойынша әлі де біраз мектепте ішкі, яғни жылы дәретхана мен сыртқы дәретхана қатар сақталып отырғанын көріп отырмыз. Әкімдіктердің маған айтып отырған уәжі – форс-мажор жағдай болған кезде сырттағы дәретханалар уақытша болса да белгілі бір қиындықтарды шешуге көмек беретіндіктен, оны әзірге қалдыра тұруды сұрап отыр. Сондықтан кейбір өңірлердегі мектептерде ішке кіргізілген әжетханамен қатар сыртқы дәретханалар да сақталып отырғанын білеміз», - деді Бейсембаев Үкіметте өткен брифингте.
Министр даладағы әжетханалардың тазалығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырғанын атап өтті.