«Кедергіге тап болдық»: министр ауылдағы 94 мектепке тартылған Илон Масктың интернеті жайлы
Бұл мектептер шекарада орналасқан
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қанша ауыл мектебі интернетсіз отырғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің айтуынша, қазір мектептердің 85 пайызы сапалы интернетпен қамтамасыз етілген. Интернет жылдамдығы кемінде – 20 Мбит/с, бұған дейін 4,8 болған.
«Қазір шалғайдағы 94 ауылдағы мектепті сапалы интернетпен қамтамасыз ету мүмкін болмай отыр. Бұл мәселе қазір Цифрлық даму министрлігімен бірге шешіліп жатыр. Оның басты себебі – 94 мектебіміз шекаралық аймақта орналасқан. Ол жерге біз Starlink-ті жеткізіп көргенбіз, бірақ шекарада орналасқандықтан оның жұмыс істеу мәселесінде кедергілер бар екенін байқадық. Сондықтан оны басқа жолмен шешу мәселесі қарастырылып жатыр», – деді Бейсембаев Үкіметте өткен брифингте.
Сонымен қатар, министрдің айтуынша, тағы 136 ауылдық мектеп талшықты-оптикалық желі тарту арқылы интернетпен қамтамасыз етіледі.