Саран қаласы жылусыз отыр: жалған ақпарат берген қызметкерлер жауапқа тартылады

Саран тұрғындары қыс басталмай жатып жылусыз қалды

Саран қаласы жылусыз отыр: жалған ақпарат берген қызметкерлер жауапқа тартылады
Фото: istockphoto.com

Премьер-министр Олжас Бектенов Саран қаласында қазандықтар жылу беру маусымына дайын деп жалған ақпарат берген тұлғалардың барлығы жауапқа тартылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкіметтің сейсенбідегі отырысы Саранда жылусыз отырған тұрғындардың мәселесінен басталды. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, Саранның жаңа орталық қазандығында төрт қазандық орнатылған. 13 қазан күні №1 қазандық іске қосылып, тәулік ішінде шығатын температура 55 градусты құраған.

«13 қазанда қазандық төмен қайнаған қабат пен насос жабдығы автоматикасының дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты мәжбүрлі түрде тоқтатылды. Режимдік баптау бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Ақаулардың шығуына байланысты жылумен жабдықтауды резервтік схемаға көшу бойынша шешім қабылданды. 124 үй резервтік жылытуға қайта қосылып, жылу беріліп жатыр. Жұмыс аяқталуда. Бүгінгі күннің соңына дейін барлық үйге жылу беріледі. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда», - деп баяндады облыс басшысы.

Премьер-министр Олжас Бектенов бүгін барлық үйге жылу беруді тапсырды.

«Бірінші кезекте бұл Саран қаласы әкімінің жеке жауапкершілігі және облыс әкімдігі тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығы. Менің тапсырмам бойынша қазір тексеріс жүріп жатыр. Жылу беретін нысанның дайындығы туралы жалған ақпарат берген адамдардың барлығы жауапкершілікке тартылады. Осы отырыстан кейін Энергетика министрі Саран қаласына барып, бәрін өзі тексереді. Нәтижесі бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына жібереміз. Егер қылмыс құрамы бар болса, кінәлі адамдардың бәрі қылмыстық жауапқа тартылады», - деп ескертті үкімет басшысы.

Осыдан екі күн бұрын Саран тұрғындары әлеуметтік желіде жылусыз отырғанын айтып шағымданған болатын.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.