$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Тоғыз ай ішінде Қазақстан экономикасы 4 пайызға өсті

Оң сауда балансы 34,8%-ке артқан

Тоғыз ай ішінде Қазақстан экономикасы 4 пайызға өсті
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда жыл басынан бері жалпы ішкі өнім 4 пайызға өскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Осы жылғы қаңтар-қыркүйектің қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 4%-ды құрады. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде үшінші ай қатарынан өсімнің жеделдеуі байқалып отыр. Нақты сектордағы өсім 5 пайыз, көрсетілетін қызметтер саласында 3,8%-ға артты.  Биыл экономиканың өсуі толығымен шикізаттық емес сектордың дамуы есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Салалар арасында ең жоғары өсімді ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласы көрсетіп отыр», - деді Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкімет отырысында.

Жалпы ішкі өнім өсімінің 65 пайызы сауда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және ауыл шаруашылығы есебінен қамтамасыз етілді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 0,6 пайызға артқан. Инвестицияның ең жоғары өсімі шикізаттық емес салаларда байқалады.

«Биыл қаңтар-тамыз айларында сыртқы сауда айналымы 91,7 млрд долларға жетті. Экспорт 53,5 млрд  долларды, соның ішінде өңделген тауарлар экспорты 17,8 млрд долларды құрады. Тауарлар импорты 38,1 млрд доллар болған. Оң сауда балансы 34,8%-ке өсіп, 15,4 млрд долларға дейін ұлғайды», - деді министр.

Байбазаровтың айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде оң өсім қарқыны сақталып отыр. Өндіріс көлемі 4,8%-ға өскен. Өңдеу өнеркәсібінде негізінен металлургия мен машина жасау саласы едәуір өсім көрсетті. Ал автомобиль өндірісі 13,3%-ға қысқарған.

Бұл ретте мұнай өндіру 0,3%-ға, көмір өндіру 0,5%-ға азайған. Құрылыс жоғары өсім қарқынын көрсетіп отыр.

Серіктес жаңалықтары