Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі тікұшақтарды Ресейден сатып алуы мүмкін

Әзірге жеті тікұшақ сатып алу жоспарланып отыр

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі тікұшақтарды Ресейден сатып алуы мүмкін
Фото: kazaviaspas.kz

Қазақстанның төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов құтқару операцияларына қажетті тікұшақтар Ресейден сатып алынуы мүмкін екенін жоққа шығармады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол әзірге жеті тікұшақ сатып алынатынын атап өтті.

«Тікұшаққа келсек, қазір үш МИ-8 АМТ және төрт К-32 сатып алу мәселесін қарастырып жатырмыз. Олар лизинке алынады, бұған халықаралық компаниялар тартылған. Қазір 405-ші зауытта  (Алматыдағы авиажөндеу зауыты) жұмыс көп, жақын арада жеткізу мерзімі тым ұзақ. Сол себепті бұл халықаралық жеткізуші болуы мүмкін», - деді Әрінов үкіметте өткен брифингте.

Осы орайда журналист «ресейлік жеткізуші болуы мүмкін бе?» деген сұраққа министр «иә, мүмкін» деп жауап берді.

«Дәл қазір бізге жеті тікұшақтың өзі жеткілікті. Бірақ жағдай өзгеріп жатыр. Біз жаз бойы өрт қаупі кезеңіне байланысты күштер мен құралдарды бір жерден екінші жерге жөнелтіп отырдық. Сол кезде техника жетіспейтінін анық көрдік. Жалпы жылдам әрекет етіп, тез шешім қабылдау үшін 20 өңірді авиациялық отрядтармен жасақтасақ жақсы болар еді», -  дейді ведомство басшысы.

Бұған дейін Қазақстанның ТЖ министрлігі құтқару операциялары үшін 11 жаңа тікұшақ сатып алатыны хабарланған. Бұл үшін бюджеттен 25 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінетіні айтылған еді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.