Қазақстанда бюджет шығындарын бақылауға болатын сайт ашылды
Сайтта бюджет пен қаржыға қатысты 1998 жылдан бергі статистикалар жарияланған
Қазақстанда бюджет қаржысының жұмсалуын, кірістері мен шығыстарын бақылауға болатын Open Budget сайты ашылды. Порталды Қаржы министрлігінің қолдауымен «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығы жасаған.
«Басында бұл жоба бюджеттік статистиканың агрегаты ретінде жұмыс істейді деп жоспарлағанбыз. Бірақ қазір сараптамалық материалдарды да қосып жатырмыз. Сайтта қазір бюджет бойынша статистика, жоспарлар, бекітілген бюджет, мемлекет қарыздары, салықтық түсімдер, дефицит, Ұлттық қордан аударылған ақша, тағы басқа өзекті мәліметтер бар. Сарапшыларға, депутаттарға, журналистерге, басқа да қызыққан адамдарға арнайы Word құжат түрінде де дайындаймыз», - деп түсіндірді «Талап» орталығы директорының орынбасары Асқар Қысықов.
Сайтта 1998 жылдан бергі статистикалар берілген. Сондай-ақ Үкіметтің мұнай бағасы төмендеген уақытта бюджетті қалай жоспарлайтыны туралы зерттеулер жарияланады. Порталға www.openbudget.kz мекенжайы бойынша кіруге болады.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан