Ауыл шаруашылығы министрлігі қырыққабаттың не үшін сатылмай жатқанын түсіндірді
Ведомство өкілдері шетелде қазақстандық өнімге сұраныстың жоқтығын айтып отыр
Бұған дейін Түркістан облысының диқандары пісіп тұрған қырыққабатты сата алмай отырғанын айтып, үкіметке назын айтқан болатын. Сенат депутаты Әли Бектаев та өңірде 300 мың тонна қырыққабаттың шіріп кетуі мүмкін екенін ескертіп дабыл қақты. Ал, Ауыл шаруашылығы министрлігі мұның бірнеше себебі барын айтып отыр.
Алғашқыда бүкіл елде төтенше жағдай жариялануына байланысты көкөніс түрлерін экспорттауға тыйым салынған. Өйткені, ішкі нарықтағы қорды толықтырып алу керек болыпты. Алайда, небәрі 2 аптадан кейін бұл шектеулер алынып тасталса да оңтүстік диқандары қырыққабат пен қияр және қызанағын сата алмай отыр.
«Тыйым салу туралы бұйрық 22 наурыз күні ішкі өнімдерді шетелдерге жаппай шығаруға байланысты қабылданды. Сондай-ақ, бұйрық 11 күн ғана әрекет етті. 2 сәуірден бастап тыйым алынып тасталып, шаруалар белгіленген квоталар шеңберінде қырыққабат, пияз және сәбізді экспорттауға мүмкіндік алды. Осы уақыт ішінде 4 мың тоннаға жуық қырыққабат экспортталды. Фитосанитарлық сертификаттар уақытылы берілді, өтінім бергендерге ешқандай кедергі болған жоқ», - делінген ҚР АШМ таратқан хабарламада.
Өңірлік тұрақтандыру қорлары ішкі тұтынуға қажетті көлемді сатып алғаннан кейін, 14 сәуірде шектеулер толығымен алынып тасталған. Мұнан кейін шаруаларға 20 мың тоннадай қырыққабаттың 971 экспорттық сертификаты беріліпті.
Биыл қырыққабатты жаппай жинау 10 сәуірде басталған. Осылайша, елдің оңтүстігі жаңа өнімге қол жеткізген соң, Ауыл шаруашылығы министрлігі барлық тыйым салулар туралы бұйрықтың күшін жойыпты.
«Өсірілген қырыққабат көбіне Ресей Федерациясына, Украина мен Беларуссияға шығаруға арналды. Алайда, карантиннің кеңінен енгізілуіне және экспорттық-импорттық қатынастардың шектелуіне, сондай-ақ, супермаркеттердің, дүкендердің, базарлардың, мейрамханалардың және басқа да сауда орындарының жабылуына байланысты қазақстандық қырыққабатқа деген сұраныс ішкі нарықта да, шетелде де күрт төмендеді», - деді Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер.