Түркістан облысында шаруалар мыңдаған тонна көкөнісін өткізе алмай жатыр
Бұрын өнімдерін ірі мегаполистерге, тіпті Ресейге шығарып жүрген шаруалар төтенше жағдайда блок бекеттерден өте алмай жүр
Биыл ауыл шаруашылығына берілген 51 млрд теңге көлеміндегі несиені барлық шаруашылық иелерінің тек 1%-ы ғана бөліп алған. Осыны айтқан Сенат депутаты Әли Бектаев көктемгі дала жұмыстарының проблемасы туралы Үкіметке сауал жолдады.
«Көктемгі дала жұмыстарына қаралған 170 млрд теңге қаржының басым бөлігі Аграрлық несие корпорациясы арқылы несие серіктестіктеріне, екінші деңгейлі банктерге бөлінгелі отыр. Бұл өз кезегінде ірі тауар өндірушілеріне басымдық беріп, ұсақ шаруашылықтарды қаржылық қолдаудан шет қалдырады деген сөз. Мысалы, осы уақытқа дейін таратылған 51 млрд теңге несиені тек 1822 ауыл кәсіпорындары пайдаланған. Бұл барлық қожалықтардың 1%-ы ғана. Екінші деңгейдегі банктер арқылы 77 тауар өндіруші орта есеппен, 288 млн теңгеден қаржыландырылып, барлық несие көлемінің 41%-ын пайдаланған. Ал шағын қожалықтарға 3%-ы ғана бұйырған», - деді ол Сенат отырысында.
Айтуынша, шаруалар үшін несие беруде әлі күнге дейін банк талаптары жоғары.
«Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің 70%-ының қаржылық жағдайы нашар. Жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер мен минералды тыңайтқыштар бағасының шарықтап өсуі көп қожалықты, әсіресе шағын шаруашылықтарды тұралатып, қаржы дағдарысына ұшыратты. Бұған дейін көктемгі дала жұмыстарының 80%-ын шаруалар өз қаржысымен атқарып келген. Биыл ол 50%-ға жетпеуі де мүмкін. Оның үстіне, мемлекеттік субсидиялар кешіктірілуде. Біраз бағыт бойынша оларды бөлудің тәртібі де бекітілмеген. Жалпы, биылғы жылы қаржының 3/1 бөлігі бөлінгенімен, жалпы 10%-ы ғана игерілген», - деді депутат.
Депутат Үкімет басшысынан несиелендіру тәртібін қайта қарап, оны қайтару жолын жеңілдетуді сұрады.
«Егіс егуге қарастырылған субсидиялардың біраз бөлігін жергілікті әкімдіктердің кепілдігі бойынша алдын ала төлеудің жолдарын қарастыру да өте маңызды. Аграрлық секторда ұсақ шаруашылықтарды қаржыландыру мақсатында ауыл шаруашылығын қолдау қорын, оның жергілікті филиалдарын осы жұмыстарға тарту, микронесиелер көлемін 2-3 есеге арттыру керек деп ойлаймын», - деді Ә.Бектаев.
Сонымен бірге, ол кейбір шаруалар төтенше жағдай кезінде дайын болған өнімдерін сата алмай жатқанын да айтты.
«Көктемгі дала жұмыстарын ерте бастаған оңтүстік өңірлерде алғашқы өнім де жинала бастады. Қазіргі таңда тек Түркістан облысының өзінде 300 мың тонна қырыққабат, 70 мың тоннадан астам қияр мен қызанақ пісіп, дайын тұр. Қызылорда, Жамбыл, Алматы облыстарындағы жылыжайлар мен дала еңбеккерлерінің өнімдері тағы бар. Өкінішке қарай, бұрын өз өнімдерін облыс орталықтарына, ірі мегаполистерге, тіпті Ресей қалаларына шығарып жүрген шаруалар төтенше жағдайға байланысты қойылған блок бекеттерден өте алмай, көп қиындық көруде», - деді депутат.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан