«Әлі де талқылау керек еді». Сенатор ардагерлер туралы заңды қолдамайды
Заңды 47 сенатордың 46-сы қолдап дауыс берді
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ұсынған Ардагерлер туралы заң жобасы еңбек ардагерлерінің үмітін ақтамайды деп есептейді.
«Ардагер – белгілі бір іске, кәсіпке машықтанған адам, сол істің шебері. Ал оның түрлері көп. Соғыс, еңбек, ғылым ардагерлері, тағысын тағы. Бүгінгі заң осы ардагерлердің әлеуметтік топтарын түгел қамтымайды. Қоғамда осы заңды күтіп жүргендер – еңбек ардагерлері болатын. Ұлы Отан соғысының қатысушылары бұл заңды күткен жоқ. Себебі, қазіргі қолданыстағы заң олардың әлеуметтік мәселелерін түгел шешкен. Заңды күткендердің дені еңбек ардагерлері еді», - деді депутат Сенат отырысында.
Депутат жаңа заңның «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген азаматтарға берілетін жеңілдіктер мен әлеуметтік қорғау туралы» заңнан қатты айырмашылығы жоқ дегенді алға тартты.
«Заң жобасына жаңадан қосылып отырған 4 санат қана - тәжік-ауған соғысына, Иракқа барған, Таулы Қарабақ, Чехославакиядағы ұрыс қимылдарына қатысқандар. Сонымен бірге еңбек ардагерлері санатына Еңбек ерлері қосылды. Өкінішке қарай, басқа санаттағы ардагерлер бұған кірмей отыр. Сондықтан бұл заңның орнына жаңағы төрт санатты қолданыстағы заңға қосып, өзгерістер мен толықтырулар енгізіп қабылдаса да болар еді», - деп пікір қосты ол.
Сенатор жаңа заң жобасында ардагерлерге берілетін қосымша жеңілдіктер, кепілдіктер алынып тасталғанын айтады.
«Қолданыстағы заңда ауған соғысының ардагерлері бірінші кезекте тұрғын үймен қамтамасыз етіледі делінген. Жаңа заңда оған кепілдік берілмеген. Тек «ұсыныс» деп көрсетілген. Тұрғын үй салу үшін 5%-дық несиені беру де жаңа заңда жоқ. Соғыс мүгедектерінің қасына еріп жүретін адамға қосымша еңбек демалысын беру туралы пункт те жоқ. Ауған соғысы ардагерлеріне қатысты жаңа кәсіпті меңгеру, оқу кезінде жалақысын сақтау жөніндегі кепілдік те алынып тасталған. Заң жобасында асығыстық болған сияқты. Талқылау керек еді. Кеше Атыраудан телефон соғып, бізді естіген жоқпыз деп жатыр», - деді С.Еңсегенов.
Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева әріптесінің уәжін қолдап, «Сіздің айтып отырған сөздеріңізге менің де қосылғым келеді. Болашақта бұл заңға тағы да ораламыз деп сенемін» деп пікір білдірді.
Заңды 47 сенатордың 46-сы қолдап дауыс берді. 1 депутат қалыс қалды.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан