Ақтөбеде 14 жастағы оқушы қыз босанғаннан кейін білім бөлімінің басшысы отставкаға кеткен
Одан басқа тағы бірнеше шенеунік қызметінен айырылғаны белгілі болды
Биыл қазан айында Ақтөбе облысы Ойыл ауданында тоғызыншы сыныпта оқитын қыз бала босанған еді. Күдікті ретінде алпыстағы ер адамның ұсталғаны белгілі болған. Орталық коммуникациялар қызметінде журналистердің сұрағына жауап берген Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров осы оқиғадан кейін жауапты тұлғалар қызметінен айырылғанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осылайша, Шахаровтың сөзіне сенсек, бірнеше шенеунік жұмыстан кеткен. Олардың арасында Ойын аудандық білім бөлімінің басшысы отставкаға кеткен.
«Осы оқиғадан кейін біз оқиғаның себебін анықтау үшін тергеу жүргіздік. Бірнеше қызметкерді жұмыстан шығардық. Енді жүйелі әрі тұрақты бақылау керек. Қазір оқушы басқа жақта», - деп хабарлады облыс әкімі.
Айта кетейік, Ақтөбе облысының Ойыл ауданында тоғызыншы сыныпта оқитын қыз бала мектепте босанып қала жаздағаны туралы хабарланған болатын. Оқушының мұндай жағдайға ұшырауына басты күдікті ретінде 60 жастағы ер адам ұсталып, қамауға алынды. Қыз кейін ауруханада босанған.