$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.04.2020, 12:11
Үкімет

Төтенше жағдай кезінде қолданыс мерзімі өткен жүргізуші куәлігі жарамды болады

Қазақстан бойынша қазір 100 мыңға жуық адам мерзімі өткен куәлікпен жүр

Төтенше жағдай кезінде қолданыс мерзімі өткен жүргізуші куәлігі жарамды болады
Фото: ашық дереккөзден

Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне төтенше жағдай мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Құжатты таныстыру кезінде депутаттар төтенше жағдай тұсында қолданыс мерзімі өтіп кеткен куәлік иелерін айыппұлдан босатуды сұрады.

«Төтенше жағдай кезінде еліміздің көптеген азаматы жеке куәлігінің немесе жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткеніне байланысты қиын жағдайда қалды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қазір республика бойынша 99,5 мың қазақстандықтың жеке куәлігі жарамсыз болып қалған, 68 мың жүргізушінің жүргізуші куәлігінің мерзімі өткен. Жарамсыз жеке куәлікпен жүргені үшін 7 АЕК, ал көлікті құжатсыз басқарғаны үшін 20 АЕК айыппұл қарастырылғаны белгілі», - деді мәжілістің жалпы депутат Шавкат Өтемісов. 

Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин депутаттың сұрағына жауап беріп, министрдің (Ерлан Тұрғымбаев – авт.) бұл мәселеге қатысты арнайы бұйрық шығарғанын айтты.

«Министрдің бұйрығымен көлікті басқаруға рұқсат беретін құжат мерзімі өтіп кеткен азаматтар жауапқа тартылмайды. Соның ішінде сақтау мерзімі өтіп кеткен қарудың лицензиясы ұзарады. Ал жеке куәлікке қатысты айтар болсақ, біз Президенттің атына төтенше жағдай кезінде куәлік мерзімін ұзарту туралы норма әзірлеп жатырмыз», - деді ол.

Наурыз-сәуір айларында 100 мыңға жуық азаматтың, ал, мамыр айында тағы 60 мың азаматтың жеке куәлігі жарамсыз болып қалатыны белгілі болып отыр. Егер министрліктің арнайы нормасы қабылданатын болса, онда бұл азаматтардың куәлік мерзімі автоматты түрде ұзаруы керек.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары