$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.04.2020, 14:54
Үкімет

Пандемия әсері: Қазақстанда авиация саласы 300 млрд теңге шығынға ұшырауы мүмкін

Елімізде авиация саласындағы 20 мың қызметкердің 70%-ы ақысыз демалысқа шыққан

Пандемия әсері: Қазақстанда авиация саласы 300 млрд теңге шығынға ұшырауы мүмкін
Фото: sputniknews.kz

Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының одан әрі таралуын болдырмау және дер кезінде әрекет ету мақсатында 45 ішкі бағыт бойынша аптасына 540 (100%) тұрақты жолаушылар рейсі және 97 халықаралық бағыт бойынша аптасына 440 (99%) рейс (442-ден 2 рейске дейін) тоқтатылды. Бұл туралы Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Төтенше жағдай режиміне және рейстер санының азаюына байланысты азаматтық авиация саласындағы 20 мың қызметкердің шамамен, 70%-ы ақысыз демалысқа шықты. Жалпы, жыл соңына дейін саладағы шығын көлемі шамамен, 300 млрд теңгені құрауы мүмкін. Коронавирус пандемиясының таралуына байланысты әлемде де, елімізде де экономиканың қатты зардап шеккен салаларының бірі осы азаматтық авиация болды», - делінген ақпаратта.

Мемлекеттік комиссияның шешімімен, 1 мамырдан бастап күніне 4 рейс жиілігімен Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары арасында әуе рейстерін ашу туралы шешім қабылданды.

«Ұшудың басталуы саланы қалпына келтірудің алғашқы қадамы болады. Әуе рейстері ҚР ДСМ Көлік саласы бойынша бас санитар дәрігер белгілеген санитарлық қауіпсіздік шараларының күшейтілген жағдайында орындалады. Қазақстан әуе компаниялары күрделі жағдайды түсіне отырып, билет бағасын сатып алу күні мен уақытына байланысты 7-ден 30 мың теңгеге дейінгі аралықта белгіледі», - делінген.

Комитеттің хабарлауынша, егер жағдай оңалса, онда ішкі рейстер саны да артуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары