$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.04.2020, 10:40
Үкімет

«Нашар бидай». Шөкеев ауыл шаруашылығы министрімен келіспей қалды

Түркістан облысының шаруалары 250 мың тонна орамжапырақты өткізе алмай отыр

«Нашар бидай». Шөкеев ауыл шаруашылығы министрімен келіспей қалды

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-министрге «ҚазАгроға» қарасты азық-түлік келісім шарт корпорациясы 4-сортты бидай ұсынып жатқанын айтып, шағым түсірді.

«Азық-түлік келісім шарт корпорациясы арқылы біз 7000 тонна бидай сатып алуымыз керек еді. Бірақ олардың ұсынып отырған бидайы 4-сортты, 18% клейковина. Біздің облыстағы операторлар ол бидайды сатып алудан бас тартып отыр. Кезінде азық-түлік корпорациясында 1,5 млн тонна жақсы бидай болатын. Ал мынау қайдан шығып жатқан 4-сорт екенін түсінбеймін. Олардың басқа бір мақсаты бар сияқты. Бізге министрлікпен келісіп жұмыс істеу керек. Мұндай бидаймен қалай нан жабамыз? Еш логикаға сыймайды», - деді Ө.Шөкеев.

Әкімнің айтуынша, 88 теңгеге бағаланған 4-сортты бидай теміржол шығынымен бірге 98 теңге болып, облысқа қымбат бағамен жетпек. Бірақ Ауыл шаруашылығы министрі Шөкеевтің сөзін бірден жоққа шығарды.

«Өмірзақ Естайұлына дұрыс түсіндірмеген шығар. Бізде корпорацияда 3-класс та, 4-класс та бар. Ұн да бар. 3-класты 88 теңгеден беріп жатырмыз. Нарықтағы баға 95-ке жетіп қалды. Сондықтан сіздерге 4-класс берді деген ақпарат дұрыс емес. Қалағаныңызды алыңыз, 3-класс та, 4-класс та, ұн да бар», - деп жауап қатты Сапархан Омаров.

Түркістан облысының әкімі шаруалардың тағы бір проблемасына, нақтырақ айтқанда, 250 мың тонна орамжапырақты өткізе алмай отырғандар жайлы тоқталды.

«300 мың тонна капуста өсірілді. Бірақ Ресейде бұл өнімге сұраныс күрт түсіп кетті. Біз барлық облыспен меморандумға қол қойдық. Олар да алмай жатыр. Бізде осы 300 мың тонна орамжапырақты сату бойынша проблема бар. Қазір 1 келісі 10-15 теңгеге дейін төмендеп кетті. Фермерлер үлкен шу көтеріп жатыр...Қазір  250 мың тонна орамжапырақ дайын тұр. Оны бір жерге орналастыру керек. Әйтпесе үлкен проблема болады. Қазір олар шулап жатыр», - деді өңір басшысы.

Сапархан Омаров бұған қарсы уәж келтірген жоқ. Қазір орамжапырақ сату бойынша Ресейдегі Қазақстан елшілігімен жұмыс істеп жатқанын, мәселені шешетінін айтты. Ал, Үкімет басшысы Асқар Мамин «Облысқа көмек көрсету керек. Бірге жұмыс істеңіз» деп пікір қосты.

АҚПАРАТ ҮШІН:

«Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның негізгі қызметі – астық нарығындағы сауда-сатып алу операцияларын іске асыру, ішкі нарықты тұрақтандыруға және отандық астық өндірушілерді қолдауға қатысу, биржалық астық саудасының дамуына және қазақстандық астық экспорты көлемінің өсуіне қолдау көрсету. Компанияның жалғыз акционері - Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынысты «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары