Бектенов су тасқыны жайлы: Көлік қатынамайтын, әлі жарықсыз отырған ауылдар бар

Атырау облысындағы елді мекендерге су басу қаупі төніп тұр

Бектенов су тасқыны жайлы: Көлік қатынамайтын, әлі жарықсыз отырған ауылдар бар
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Премьер-министр Олжас Бектенов су тасқынынан зардап өңірлердің тұрғындарын мүмкіндігінше тезірек қалыпты өмірге қайта оралуын қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүгін үкіметтің кезекті отырысы су тасқынына байланысты жағдайды баяндаудан басталды.

Бектеновтің айтуынша, Атырау облысында елді мекендерді су басып қалу қаупі сақталып отыр. Сондықтан, тиісті құрылымдар тасқынға қарсы жұмыстарды жалғастыруы қажет.

«Әсіресе, Индербор және Махамбет елді мекендеріндегі жағдайды ерекше бақылауға алу керек. Онда Жайық өзені қауіпті деңгейден асып кетті. Эвакуациялық бекеттер кез келген уақытта адамдарды қабылдауға дайын болуға тиіс. Күштер мен құралдар да сақадай сай тұруы керек. Су ресурстары министрлігі мен Атырау облысының әкімдігі Жайық өзеніндегі су деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз етсін», - деді премьер.

Ал Ақтөбе облысында екі елдімекенде әлі күнге дейін көлік қатынасы жоқ. Бектенов азық-түлік пен дәрі-дәрмектің болуын мұқият бақылауға алуды тапсырды.

«Электр жарығынсыз отырған ауылдар да бар. Жөндеу жұмыстарын тездету керек», - деді үкімет басшысы.

Сондай-ақ әкімдіктерге су тасқыны жағдайы тұрақталған өңірлерде бағалау және жобалау жұмыстарын күшейту тапсырылды.

«Залалды өтеу, оның ішінде үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру жөніндегі барлық шара белгіленген мерзімде іске асырылуы қажет. Біз зардап шеккен тұрғындардың мүмкіндігінше тезірек қалыпты өмірге қайта оралуын қамтамасыз етуіміз керек», - деді Бектенов.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.