СҚО-да су тасқынынан кейін 200 үйдің құрылысы басталды
Бұл туралы Үкіметтің ресми сайты хабарлап отыр

СҚО-да су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған 200 үйдің құрылысы басталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Үкіметтің ресми сайты хабарлағандай, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Премьер-Министр Олжас Бектеновке Мемлекет басшысының су тасқынынан кейін тұрғын үйлерді, инфрақұрылымды қалпына келтіру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру, сондай-ақ көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы туралы баяндаған.
Дереккөзіне сүйенсек, Петропавл қаласының «Солнечный-2» ықшам ауданында бекітілген үш жоба бойынша 500 тұрғын үй салынады.
«Қазақстан халқына» қорының қаражатына 100 үй салынып жатыр. «Kazakhmys» корпорациясы Қор арқылы тағы 100 үй сала бастады. Ірі панельді құрылысқа маманданған елордалық «GLB үй құрылысы комбинаты» зауыты «Kaspi» АҚ қаражатына 300 тұрғын үй салады», - деп хабарлайды Үкімет.
СҚО тұрғындарына баспана сатып алу үшін жылжымайтын мүліктің бастапқы және қайталама нарықтары негізінде пәтерлер пулы жасақталды. Петропавлда алғашқы 7 пәтер алынған, аталған жұмыс одан әрі жалғасады.
Ойқала ықшам ауданында және Былғары кентінде 26 үй мен 7 пәтер жөнделіп жатыр.