Авиациялық әкімшілік Bek Air компаниясының сертификатын қайтарып алды
Әуе компаниясы әкімшілік жіберген нұсқауларды орындамаған
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі «Bek Air» АҚ-ның пайдаланушы және әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы туралы сертификаттарын қайтарып алды. Бұл туралы Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңның 12 бабының 5-тармағына, 16-9 бабы 2-тармағының 10 тармақшасына сәйкес, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ жіберген бұзушылықтарды жою туралы нұсқауларды орындамауына байланысты «Bek Air» АҚ-ның пайдаланушы сертификаты кері қайтарып алынды. Сондай-ақ, «Bek Air» АҚ-ның 9 Fokker әуе кемесінің ұшуға жарамдылығы сертификаттары кері қайтарылды», - делінген хабарламада.
Пайдаланушы және жоғарыда көрсетілген әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы сертификаттырын алу үшін әуе компания қайтадан толық сертификаттау рәсімінен өтуі қажет.
Бұрын хабарланғандай, авиациялық әкімшілік Бас көлік прокуратурасымен бірлесіп Bek Air әуе компаниясының қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде, ұшу қауіпсіздігіне әсер ететін өрескел заңбұзушылықтар анықталды.