«Әркім өз бетінше түсуі керек». «Болашақ» бағдарламасының ережесі түбегейлі өзгереді
Енді 6 кезеңнен тұратын іріктеу туры 3-ке дейін қысқарады
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Кәрібозова «Болашақ» стипендиясына үміткерлерді іріктеу ережелері түбегейлі өзгеретінін, бағдарлама модернизацияланатынын хабарлады.
1. Енді стипендия алуға болатын мамандықтардың тізбесі нарықтағы сұранысқа байланысты шығады. Ол тізімді жұмыспен қамту жөніндегі тиісті органдар әзірлейді.
2. Халықаралық стипендияға үміткерлерге арналған квоталық санаттар қысқартылады. Сонда үміткерлердің бәріне талап бірдей болады. Әркім стипендияға өтініш бермес бұрын, ЖОО-ға өз бетінше түсуі тиіс.
3. Ауылдық жерден шыққан үміткерлерді қоспағанда, алдын ала тілдік курстарға ешкім жіберілмейді.
4. Тіл білу деңгейі іріктеу турында тексерілмейді. Үміткерлер қазақ (KazTEST В1) және ағылшын тілі (IELTS кемінде 6.5 балл) емтихандарын өздері өтіп, соның нәтижесін алып келулері керек.
5. Іріктеу турларының саны 6-дан 3-ке азаяды. Себебі, мотивациялық және ұсыныс хаттарды бағалау, мемлекеттік және шет тілін білу деңгейін анықтау турлары қысқартылады. Іріктеу тек комиссия мүшелерімен әңгімелесу, зияткерлік, эмоционалдық IQ деңгейін анықтау, комиссияның үміткерлерді өз алдына бағалау турлары бойынша өтеді.
6. Үміткерлердің құжаттарын қабылдау процесі электрондық үкімет арқылы қабылданады. Адам факторы азайып, процесс барынша автоматтандырылады.
7. Орталықтың Директорлар кеңесі 4 тәуелсіз директормен толықты. 1 вице-президент пен 2 кеңесші лауазымы алынып тасталды. Баспасөз хатшысы, әдеп жөніндегі уәкіл қызметтері қосылды.
ҚР БҒМ «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ аталған өзгерістерді жемқорлық тәуекелдерін, бюрократиялық кедергілерді жою, барлық үміткер үшін тең мүмкіндіктер жасау, іріктеудің объективтілігін күшейту мақсатында енгізген. Бағдарламаның жаңа қағидалары Үкімет бекіткеннен кейін орталықтың сайтында жарияланады. Орталық мұндай өзгерістерді Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жемқорлық тәуекелі бойынша сараптама қорытындысы негізінде жасап отыр.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан