$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Министр су тасқынына дайындық кезіндегі проблемалар жайлы айтты

Қазіргі уақытта ғимараттарды су қорғау белдеулеріне орналастыру проблема болып отыр

Министр су тасқынына дайындық кезіндегі проблемалар жайлы айтты
Фото: gov.kz

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов су тасқыны кезеңіне дайындық жөнінде Үкімет отырысында айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Төтенше жағдайлар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, алдағы су тасқыны кезеңіне дайындықты алдын ала бастады. 2023 жылғы 26 желтоқсанда 2021-2023 жылдарға арналған Су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасын орындау қорытындылары туралы Ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның жоспардан тыс отырысы өткізілді. Бүгінде жоспарланған іс-шаралардың жартысынан сәл астамы немесе 57,7% іске асырылды», - деді Шәріпханов.

Оның айтынша, бірқатар өңірлерде құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.

«Су ресурстары министрлігі Ақмола облысында Есіл су реттегішін салу бойынша жобалау сметалық құжаттамаларын әзірлеп жатыр. Сондай-ақ, Сіздің тапсырмаңыз (Премьер-министр – авт.) бойынша аяқталмаған жобалардың көпшілігі әкімдіктермен 2025 жылға дейінгі Әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді және Өңірлерді дамытудың жоспарларына көшірілді. Сонымен қатар, олардың 27-сін іске асыруда алаңдаушылық бар», - деді министр.

Оның айтуынша, бұл әсіресе, Павлодар, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарына қатысты.

«Жол картасының іс-шараларын аталған облыстар орындамауына байланысты Президент әкімшілігі осы жылдың соңына дейін іске асырудың соңғы мерзімін белгіледі. Осыған орай, әкімдіктер қаржы көзін тауып, орындалмаған Жол картасының барлық іс-шараларын (92) қарашаға дейін аяқтауы қажет. Өткен жылғы талдау көрсеткендей, негізінен ойпатты бөліктерде салынған, сондай-ақ су қорғау белдеулерінде және өзен арналарына жақын орналасқан үйлер су астында қалды», - деді ол.

Оның айтуынша, бұл Қостанай облысы Қарамырза ауылындағы Тімтуір өзенінің жағасында орналасқан тұрғын үйлерді су басуы бірінші жыл емес.

«Өткен жылы Батыс Қазақстан облысында Шыңғырлау өзенінің су деңгейі күрт көтерілуіне байланысты, жанында орналасқан Кентүбек және Бақтыарал ауылдарында үйлердің су басуы орын алды. Түркістан облысы Арыс қаласындағы су басқан тұрғын үйлер су қорғау белдеулерінің аумағында орналасқан және Ақтөбе облысының Қобда ауылындағы үйлер ойпатты бөлігінде салынған», - деді ол.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта ғимараттарды су қорғау белдеулеріне орналастыру барлық жерде проблема.

«Нәтижесінде, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға мемлекет өтемақы төлемдерін жүргізеді. Осыған байланысты, әкімдіктер бірінші кезекте, осы елді мекендерді қорғауды қамтамасыз етуін немесе оларды көшіру мүмкіндігін қарауын және бұл аймақтарда болашақта құрылысқа тыйым салуын қажет деп санаймын. Бұдан басқа, елді мекендерді су басу себептерінің бірі гидротехникалық құрылыстардың ықтимал бұзылуы», - деді ол.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ 

Серіктес жаңалықтары