Ұлттық жоба: 2026 жылға дейін жаңа форматтағы 369 мектеп салынбақ
Әлихан Смайылов жаңа жайлы мектептер құрылысының сапасын мұқият қадағалауды тапсырды
Үкіметте ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, 740 мың оқушыға арналған жаңа мектептер салынады.
Кеңеске қатысушылар жаңа білім ордаларын жобалау және салу, оларды заманауи жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру, мемлекеттік сараптама жүргізу, қаржыландыру және басқа да бірқатар мәселені талқылады.
«Бүгінгі таңда 217 мектеп бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр. Барлық процесс жобалық басқарудың арнайы ақпараттық жүйесінде бақыланады, онда сондай-ақ нақты уақыт режимінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының барысын бақылауға болады. Жалпы 2026 жылға дейін ұлттық жоба аясында 740 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 369 мектеп салу көзделген», - делінген хабарламада.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдар жұмыстардың орындалу сапасын мұқият қадағалап, нысандардың бағасын негізсіз көтеруге жол бермеуі тиіс. Мектептерді белгіленген мерзімде тапсыру қажет.