$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Құжаттардың тым ұзақ тексерілуі наразылық туғызады»: Смайылов көлік иелерінен түсетін шағымдар жайлы

Ол мәселелерді бір жүйеге келтіру керегін айтты

«Құжаттардың тым ұзақ тексерілуі наразылық туғызады»: Смайылов көлік иелерінен түсетін шағымдар жайлы

Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов жүк тасымалдаудағы мәселелер жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy

«Автомобиль көлігімен жүк тасымалдау саласының дамуы экономиканың барлық секторларына оң әсерін тигізеді. Қазіргі таңда Қазақстан арқылы 8 халықаралық автомобиль дәлізі өтеді. Олардың жалпы ұзындығы шамамен 13 мың км-ді құрайды. Негізгі күре жолдардың қатарында Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Солтүстік – Оңтүстік, ТРАСЕКА және басқаларын айтуға болады. Сондықтан, аталған бағыттар бойынша жүк тасымалын ұлғайту және жүктердің жылдам өтуін қамтамасыз ету үшін бұл саладағы кедергілерді барынша қысқарту қажет. Олардың қатарына шекарадағы кептелістер мен құжаттардың ұзақ рәсімделуін, инфрақұрылым сапасын,ұйымдастыру жұмыстарының нашарлығын   және көптеген басқа да жайттарды жатқызуға болады», - деді Смайылов.

Оның айтуынша, көлік иелерінен келіп түсетін шағымдар көбіне осы мәселелерге қатысты.

«Сонымен қатар, жүктер мен құжаттардың тым ұзақ тексерілуі де наразылық туғызады. Цифрлық технологиялар мен ақпараттық жүйелердің интеграциясы арқылы бұл мәселелерді осы уақытқа дейін бір жүйеге келтіруге болатын еді. Оның үстіне жүктерді бөліп-таратудың аса маңызды инфрақұрылымдық буыны болып табылатын бонд қоймаларын дамыту қажет. Мұндай әлемдік тәжірибе біздегі өткізу пунктерінің жүктемесін азайтып, тасымал көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.  Сондай-ақ, халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыруға рұқсат беретін бланкілерді бөлуде де   проблемалар бар. Мұндай рұқсаттарды біз көптеген мемлекеттермен паритет негізінде алып отырмыз», - деді ол. 

Смайылов атағандай, отандық жүк тасымалдаушыларға бланк беру механизмін қайта қарап, оларға   артық талап қоймау қажет.

«Жол бойындағы сервис бойынша да сұрақтар бар. Мәселен, Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік дәлізінің іске қосылғанына 5 жылдан асса да, жол бойындағы сервисті әлі күнге дейін дамыта алмай келеміз. Бұл туралы бірнеше рет айтылды, тиісті тапсырмалар берілді, бірақ өзгерген ештеңе жоқ. Халықаралық жолдар мен ішкі маршруттардың бәрінде де осындай жағдай. Сервис объектілері үшін   жол бойынан жер учаскесін беруді әкімдіктер созып жіберді. Осыған байланысты, инфрақұрылымның дамуы тоқтап тұр. Оның үстіне, біз Ұлттық стандартты баяғыда қабылдап қойдық. Онда жол бойындағы сервис объектілері мен көрсетілетін қызметтерге қойылатын талаптар белгіленген», - деді ол.

Оның айтуынша, бұл қосымша транзит көлемін тартуға мүмкіндік берер еді.

«Алайда сервис объектілерінің көбі біздің стандартқа сәйкес келмейді. Автомобиль көлігімен жүк тасымалдауды одан әрі дамыту мақсатында мына мәселелерге назар аударғым келеді. Қаржы министрлігі Шекара қызметімен, Ауыл шаруашылығы, Көлік министрліктерімен бірге жыл соңына дейін өткізу пункттерінің өткізу қабілетін ұлғайтудың нақты шараларын әзірлеуі тиіс. Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп,өткізу пункттерін толық цифрландырып, барлық ақпараттық жүйелерді   интеграциялау қажет. Көлік министрлігі Сауда, Қаржы, Ауыл шаруашылығы министрліктерімен және әкімдіктермен бірлесіп, Көлік-логистика орталықтары мен бонд қоймаларын дамыту жөніндегі жол картасын әзірлеуі керек. Жергілікті атқарушы органдар сервис объектілерін салу үшін бизнес субъектілеріне жер учаскелерін беруге қатысты рәсімдерді соза бермей, 2 ай мерзімде жүргізулері тиіс», - деді ол.

Смайыловтың айтуынша, инвесторлар тарту және жол бойындағы сервис жобаларын іске асыру бойынша жеңілдетілген механизмді пысықтауы керек.

«Көлік министрлігі отандық компаниялар үшін шетелдік рұқсат бланкілерін бөлудің тиімді механизмін әзірлеп, нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізуі қажет. Әкімдіктер Жол бойындағы сервис объектілерін Ұлттық стандартқа сәйкес келтіру жөніндегі өздерінің жол карталарын әзірлеуі қажет», - деді ол.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ

Серіктес жаңалықтары