$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Мемлекет мұғалім мамандығын қалайтын жастарды қолдайды – Смайылов

Педагог мамандығы бойынша оқитын студенттердің стипендиясы 2,5 есеге өскен 

Мемлекет мұғалім мамандығын қалайтын жастарды қолдайды – Смайылов
Фото: primeminister.kz

Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов педагог-кадрларды даярлаудағы проблемаларды шешуге қатысты бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Білім беру процесінің жетістігі ең алдымен, педагогтың кәсіптік шеберлігіне тікелей байланысты. Сондықтан, педагог-кадрларды даярлау тәсілдерін қазіргі заманға сай бейімдеп отыру – уақыт талабы. Қазір біздің колледждерімізде мұғалімдер тапшы. Шамамен 5 мың педагог жетіспейді. Жыл сайын 50 мыңға жуық жас маман университет бітіріп шығады. Алайда, олардың көпшілігі өз кәсібі бойынша жұмыс істемейді. Мұның себептері әр-түрлі. Дегенмен, педагогтың беделі мен мәртебесін арттыру үшін, оның ішінде заңнамалық тұрғыдан да көп жұмыс атқарылды. Мұғалімдердің жалақысын көтердік, оларды қосымша жүктемелерден, артық есеп беруден босаттық. Ағартушылық салаға дарынды жастарды тарту бойынша шаралар кешені қабылданды», - деді ол.

Смайыловтың айтуынша, педагогикалық жоғары оқу орындарына түсуге қойылатын талаптар күшейтілді.

«Мұның барлығы дұрыс. Педагогикалық жоғары оқу орындарына түсу балы қаншалықты жоғары болса, ең мықты талапкерлерді іріктеу мүмкіндігі де соншалықты арта түседі. Егер 5 жыл бұрын осы мамандықтарға 50 балл жинаған талапкерлер өтсе, қазір орташа балл – 111. Алайда, мектептерде оқыту процесінің күрделі болуы, шамадан тыс талап қою және қалыптасып қалған «бәріне мұғалім кінәлі» деген қоғамдық пікір осы мамандыққа деген қызығушылықты төмендетіп жіберді. Білім беру процесіндегі қиындықтардан басқа, педагогтарға түсетін психологиялық жүктеме де жоғары. Әрине, проблемалар бар. Сондықтан, мемлекет мұғалім мамандығын қалайтын жастарды одан әрі қолдайтын болады», - деді ол.

Смайылов атағандай, педагог мамандығы бойынша оқитын студенттердің стипендиясы 2,5 есеге ұлғайтылды.

«Биыл мемлекеттік грант алуға үміткерлердің әрбір төртіншісі және 1,5 мыңнан астам «Алтын белгі» иегері мұғалім болуға ниет білдірген. Енді оқыту сапасын арттырып, педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін оқыту әдістемесін қайта қарау қажет. Оқу бағдарламаларын жаңғыртып, оларға сұранысқа ие құзыреттерді қосу керек. Қазіргі заманғы талаптардың барлығын ескеру қажет», - деді ол.

Әлихан Смайылов білім беру ұйымдарындағы болжамды сұранысты айқындап алып, педагогтарды даярлауға мемлекеттік тапсырысты соның негізінде қайта қарау қажетін айтты.

«Жергілікті жерлердегі кадр тапшылығын азайтудың тиісті өңірлік бағдарламаларын әзірлеп, 15-ші ақпанға дейін қабылдау керек. Жас мұғалімдердің осы кәсіпке бейімделіп кетуінің тиімді механизмдерін әзірлеп, тәлімгерлік жүйесін және жаңа құзыреттер бойынша педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесін жасау қажет. Үздіксіз педагогикалық білім беру жүйесін, оқыту бағдарламалары мазмұнының бала-бақшадан университетке дейінгі сабақтастығын қамтамасыз ету керек. Бұдан басқа, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын әдістемелік қолдау жұмысын күшейту қажет», - деді ол.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ 

Серіктес жаңалықтары