«Үйге қажет азықты жұбайым алады» - министрлер азық-түлік бағасы туралы
Бақыт Сұлтанов пен Сапархан Омаров үйге қажетті азықты кім алатынын айтты
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Сауда және интеграциялар министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров елдегі азық-түлік бағасына қатысты брифинг өткізді. Олардың айтуынша, коронавирусқа байланысты елдегі өндірістер тоқтамайды, сәйкесінше, азық-түлік тапшылығы пайда болмайды. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы да өспейді деп мәлімдеді министрлер.
Azattyq Rýhy тілшісі министрлердің негізгі азық-түліктердің бағасынан хабары бар-жоғын анықтау үшін, олардан соңғы рет сүт, нан, жұмыртқа сияқты азықты қайдан және неше теңгеге алғанын сұрады. Бақыт Сұлтанов та, Сапархан Омаров та қарапайым азық-түлік бағаларынан бейхабар болып шықты. Айтуларынша, үйге керекті тамақты жұбайлары алады екен.
«Енді нақты қай жерден алатынымды айтсам, жарнама болып кетеді. Бәрі баратын үлкен дүкен бар ғой, мен де сол жерден аламын. Бірақ мен ол жерге шопыр ретінде барамын. Сондықтан бағасын айта алмаймын, әйелімді апарамын, ол алып шығады, сондықтан бағасына нақты мән бермеймін», - деді Бақыт Сұлтанов.
Оның әріптесі, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров та сүт, жұмыртқа, нан бағасын білмейтінін айтты.
«Мен де әріптесім Бақыт Тұрлыханұлы сияқты айтарым, азық-түлікті үйдегі жұбайым алады. Бірақ кейде жұмыстан келе жатқанда, үйдің жанындағы дүкеннен сүт, нан ала кел десе, соларды алып келетін әдетім бар», - деді Сапархан Омаров.
Екі шенеунік те азық-түлікке көмекшілерін жіберіп көрмегенін, олардың мемлекеттік қызметкерлер екенін айтты.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан