«Тауық жұмыртқалап, сиыр сауыла береді» – Бақыт Сұлтанов елдегі дүрбелең туралы
Сауда және интеграция министрінің айтуынша, өндіріс орындарының жұмысы тоқтамайды
Брифинг басында Бақыт Сұлтанов елде ең негізгі әлеуметтік тауарлар мен азық-түліктің бағасы тұрақты екенін айтты. Оның статистикасына сүйенсек, Қазақстанда азық-түлік бағасы 2015 жылдан бергі ең төменгі көрсеткішке өскен.
«Ең біріншіден айтатыным, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы тұрақты. Жыл басынан бері, яғни екі айдың статистикасына сүйенсек, баға өсімі 0.6 пайызды құрайды. Бұл 2015 жылдан бергі ең төменгі мәнді білдіреді. Соңғы аптада, яғни 25 ақпан мен 3 наурыз арылығында біз барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының 0.1 пайызға төмендегенін байқадық. Жалпы, Қазақстанда азық-түлік қауіпсіздігінің деңгейі жоғары», - деді Сұлтанов.
Қазір Қазақстанда импорттың жоғары үлесі қант пен тауық етінен көрінеді. Бірақ Сұлтанов атап өткендей, бұл тауар түрлері көршілес Ресейде қайта өндіріледі, сондықтан ішкі нарықта да осы тауар түрлеріне қатысты проблема байқалмауы керек.
«Сондықтан ішкі нарықта дәл қазір ешқандай азық-түлік түрінің дефициті жоқ», - деді министр.
Ол сондай-ақ, жалпы елдегі өндіріс түрлері әлем бойынша тарап жатқан коронавирус инфекциясымен еш байланысты емес, сондықтан Қазақстанда ешбір өндіріс жұмысы тоқтамайды дегенді айтты.
«Сауда орындарын жабуға қатысты айтсам, мұндай тыйым болған жоқ. Сауда нүктелерінің барлығы жұмыс істеп тұр. Өндіріс тоқтаған жоқ. Тауықтар бұрын қалай жұмыртқалады, солай жұмыртқалай береді. Сиыр бұрын қалай сауылды, солай сауыла береді. Наубайханалар жабылмайды. Оның үстіне, мұның барлығы коронавирустың таралу қаупін тудырмайды», - деді Сұлтанов.