Шетелдік валютаны сатып алуға шектеу қойылып, инвестжобалар шегеріледі – Асқар Мамин
Премьер-министрдің 5 тапсырмасы
Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында мұнай бағасының арзандауына байланысты Қазақстанның экономикасын төмендетпеуге қатысты шаралар талқыланды.
«Бірқатар ірі халықаралық қаржы ұйымдары мен даму институттары ағымдағы жылы әлемдік экономиканың өсу болжамының төмендегенін хабарлады. ОПЕК+ мұнайдың негізгі экспорттаушы елдері арасындағы мұнай өндіруді шектеу бойынша ортақ келісімге қол жеткізбеуі себебінен, мұнайдың әлемдік бағасының айтарлықтай төмендеуіне алып келді», - деді Премьер-министр Үкімет отырысының соңында.
Оның айтуынша, Үкімет осы жағдайдың одан әрі қарай дамуының бірнеше нұсқаларын әзірлеген. Және ол нұсқалардың әрқайсысы қажетті қаржы ресурстарымен қамтамасыз етілген.
«Бұл шаралардың негізгі мақсаты халықтың әл-ауқатының сақталуын қамтамасыз ету болып табылады. Азаматтарымыздың ешқайсысын қиын жағдайда қалдырмаймыз. Жалпы, мынадай тапсырма беремін:
Біріншіден, әкімдіктер әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларын тұрақтандыру мақсатында тауарлар интервенциясын жүргізу үшін тұрақтандырушы қорлардың тиімді жұмысын қамтамасыз етсін.
Екіншіден, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, отандық тауар өндірушілердің үлесін арттыру бойынша жұмысты күшейтуі қажет. Отандық кәсіпорындардың тауарлары мен қызметтеріне сұранысты ынталандыру бойынша қолда бар ішкі резервтердің бәрін іске қосуымыз керек.
Үшіншіден, «Самұрық - Қазына» қорына, басқарушы холдингтерге, бұрын қол жеткізілген келісімдерге сәйкес, өздерінің валюта нарығындағы іс-қимылын Ұлттық банкпен келісуді тапсырамын. Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері бақылауды және тиісінше үйлестіруді қамтамасыз етсін. Ағымдағы міндетемелерге қатысы жоқ шетелдік валютаны сатып алу операцияларын жүргізуге шектеу салынсын.
Төртіншіден, басым емес инвестициялық жобалардың іске асыру мерзімдерін кейінге ауыстырып, бюджет шығыстарының басымдықтарын қайта қарау қажет. Қаржы министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір апта мерзімде ұсыныстар енгізсін.
Бесіншіден, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік төлемдердің толық көлемде және уақтылы төленуін қамтамасыз етсін», - деді тиісті тапсырма берген Премьер-министр.
Бұдан өзге, Үкімет басшысы жұмыспен қамтудың жол картасын әзірлеуді тапсыра отырып, жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, әлеуметтік объектілерді жөндеу және елдімекендерді абаттандыру жұмыстарын күшейту керек деген тапсырма берді.
«Біздің ортақ міндетіміз – әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және жұмыспен қамту. Мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерінің бәрі орындалады. Зейнетақы мен жәрдемақының бәрі уақтылы әрі толық көлемде төленеді», - деді ол.