Квазиоргандарға шетелдік валютаны сақтауға тыйым салынады – Қаржы министрлігі
Бұл шектеудің жеке тұлғаларға, заңды жеке тұлғаларға қатысы жоқ
Квазимемлекеттік сектордағы органдарға бүгіннен бастап шетелдік валютамен операция жасауға шектеу енгізілді. Бірақ, бұл шектеудің жеке және заңды тұлғаларға қатысты жоқ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз өкілдеріне арналған брифингте Қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов мәлім етті.
Айта кетейік, Үкімет отырысында мұнай бағасының құлдырауына байланысты әкімдер мен мемлекеттік органдарға, соның ішінде, Ұлттық банкке бірқатар тапсырма берген Премьер-министр Асқар Мамин шетелдік валютамен операция жасауға шектеу қойылатынын мәлім еткен еді. Журналистер Қаржы министрінің өкілінен бұл шектеу нақты қандай мекемелерге қойылатынын және шектеу басталатын мерзімді сұрады.
«Бұл шектеу тек квазимемлекеттік органдарға ғана тиесілі болады. Жеке тұлғаларға, заңды жеке тұлғаларға шектеудің қатысы жоқ. Бүгіннен бастап тыйым салынды. Бұл дегеніміз - квазимемлекеттік сектор өзінің валюталық міндеттемелерін орындау үшін ғана валюта алуына болады деген сөз. Егер ол өзіне қондырғы алғысы келсе, немесе осыған дейінгі валюталық міндеттемелері болса, осы міндеттемелерінің аясында ғана шетелдік валютада операция жасауына рұқсат. Оларға енді шетелдік валюта сақтауына да болмайды», - деді Шолпанқұлов.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан