Жауапкершілік алуға дайынмын - Ноғаев Атыраудағы бала өліміне қатысты

Автор: Azattyq Rýhy

Облыс басшысы былтырдан бері Атырауда бала өлімі көрсеткіші төмендегенін айтты

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Атырау облысының перинаталды орталығындағы нәресте өліміне қатысты пікір білдірді. Облыс басшысы тексеру жұмыстарының нәтижесін күте тұруға шақырды.

«Тексеру жүріп жатыр, нәтижесін күту керек. Оған дейін іске қатысты қандай да бір баға бере алмаймыз. Жан сақтау бөліміне түскен жаңа туған нәрестелердің 80 пайызы жетілмеген және салмақтары өте аз», - деді ол.

Сондай-ақ әкім былтырдан бері облыста бала өлімі көрсеткіші төмендегенін айтты. Ал тексеру жүргізген комиссияның шешімімен 75 бала қалалық перзентхана мен басқа да ауруханаларға ауыстырылыпты.  

Ноғаев журналистердің «Дәрігерлер кінәсі дәлелденсе, жауапкершілікті өзіңізге ала аласыз ба?» деген сұрағына «ала аламын» деп жауап берді.

Оқи отырыңыз: Атырауда перзентхананың бас дәрігері бала өлімін жасырмақ болған

Еске салайық, қазіргі уақытта Атырау облыстық перинаталдық орталығының басшысы үстінен жаңа туған нәресте өліміне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, дәрігерлер құжатты қайта жасағысы келмей, баланы тірідей мұздату камерасына салып жіберген.

Бұған дейін Атырауда болған жағдайға байланысты Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та пікір білдірген еді. Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің мамандары Атыраудағы перинаталды орталықтың бас дәрігеріне қатысты жаңа деректерді жариялады.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан